×

Украина Батыс елдерінің танктерімен «механикалық соғыс» жүргізеді

УҚК бас қолбасшысы Валерий Залужный 300 танктің керектігін айтты 

 Дастан Жұмабекұлы 27.01.2023 | 10:35
фото: ашық дереккөз

АҚШ пен Батыс елдерінен келетін қазіргі заманғы озық танктердің арқасында Украина Ресеймен соғысты механикаландырылған дәрежеде жүргізе алады. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.

АҚШ Соғысты зерттеу институты (ISW) осындай тұжырым жасап отыр.

НАТО беретін қазіргі заманғы соғыс танктері Украинаға Ресеймен сәтті механикаландырылған соғыс жүргізуге көмектеседі, – делінген оның күнбе-күнгі есебінің бүгінгі шығарылымында.

Институт сарапшылары Украинаға соғыс машиналарын беретін елдердің БАҚ-та жарияланған тізімін келтірді. Оларда АҚШ президенті Джо Байденнің 30-ға жуық «Abrams М1», Германия канцлері Олаф Шольцтің бір ротаны құрайтын (14) «Leopard 2», Ұлыбританияның 14 «Challenger 2», Францияның бірнеше «Leclerc» танктерін бергелі тұрғандары атап көрсетілген. Бұдан басқа, Финляндия, Польша, Испания және Норвегия елдері өздерінде бар «Leopard»-тардың бір бөлігін жөнелтетіндерін мәлімдеді.

Ал Нидерланд Украинаға жіберу үшін Германиядан 18 «Leopard 2» танкін сатып алуды көздейді.

Біз оларды Германиядан жалға алған едік. Бұл енді бұларды сатып алу құқымыз бар екенін көрсетеді. Демек Украинаға тегін бере аламыз, – деді Нидерланд премьер-министрі Марк Рютте.

АҚШ Украинаға көмек беру үшін соңғы екі жылдың көлемінде артиллерия снарядтарын өндіруді 6 есе арттыруды мақсат етіп отыр. Ол үшін ай сайын 90 мың снаряд шығару керек.

Сондай-ақ Швеция Еуропа кеңесі мен әлем елдерін Украинаға беретін көмекті күшейте түсуге шақырды.

Италия Парламентінің төменгі палатасы – Депутаттар палатасы Үкіметтің биыл жыл соңына дейін Украинаға әскери көмек көрсетуге арналған декретін мақұлдады.

ISW сондай-ақ УҚК бас қолбасшысы Валерий Залужныйдың желтоқсан айында көктемде Ресейге қарсы жасалатын шабуыл операциясын сәтті өткізу үшін өз армиясына 300 танк керек екенін айтқанын хабарлады.

Институт сарапшылары Батыстың Украинаға кең ауқымды қарсы шабуыл үшін қажетті қару-жарақтар беруді баяу жүргізгені мен оны ара-тұра тоқтатып қоюы Ресеймен Бахмут үшін соғыста басымдық алуына кедергі келтірді деп есептейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама