×

Қазақстан мен Иран сауда көлемін 3 млрд долларға жеткізбек

Қос мемлекет ауыл шаруашылығы, көлік-логистикада байланысты нығайтпақ

 Дәурен Ерболат 27.01.2023 | 09:05
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов Иранның Ауыл шаруашылығы министрі Сейед Джавад Садати Неджадпен кездесті, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Олар аграрлық және көлік-логистикалық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту перспективасын талқылады.

Былтыр қаңтар-қарашада екі ел арасындағы тауар айналымы 20%-дан өсіп, 500 млн доллар болды. Сондай-ақ өзара сауда көлемін одан әрі ұлғайту үшін Қазақстан Иран нарығына жалпы құны шамамен 250 млн доллар болатын қосымша 75 тауар позициясын жеткізуге дайын.

Қазір ауыл шаруашылығының даму перспективасы өте жоғары сала болып отыр. Оның өзара саудадағы үлесі – шамамен 80%. Екі мемлекет арасындағы АӨК өнімінің тауар айналымын 1 млрд долларға дейін арттыруға мүмкіндік бар», - деді Әлихан Смайылов.

Қазақстан Үкіметі екі елдің басшылары қол қойған жалпы сауда көлемін 3 млрд долларға дейін ұлғайту жөніндегі міндетті орындау үшін белсенді жұмыс істеуге дайын.

Үкімет басшысы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі көлік-логистика саласы екенін атап өтті. Бұл тұрғыда «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізі ерекше маңызға ие.

Сондай-ақ Сейед Джавад Садати Нежад сауда және жүк тасымалдау көлемін ұлғайту үшін теміржол желісі мен теңіз инфрақұрылымын одан әрі дамытудың маңызы зор екенін жеткізді.

Сонымен қатар, Иран Қазақстан нарығына цитрус өнімдерін жеткізу көлемін кеңейтуге дайын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама