Өнер және гуманитарлық бағытта білім алғандар жұмыс таба алмай жүр
Жас маманның орташа жалақысы – 155,6 мың теңге
Қазақстанда өнер және гуманитарлық бағытта білім алғандар жұмыс таба алмай жүр. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Азамат Байсенбенов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Елімізде жоғары оқу орындарының 2022 жылғы рейтинг қорытындысы шығарылды.
Білім бағыттары бөлінісінде ең жоғары жұмысқа орналасу деңгейі – «Ветеринария» бағытында. Бұл көрсеткіш – 88%. Ең төмен жұмысқа орналасу деңгейі «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» бағытында, - деді Азамат Байсенбенов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Рейтингте ең жоғары медианды жалақы мөлшері «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру» бағытына тиесілі – 221 841 теңге. Ең төменгі жалақы – «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» бағытында – 126 029 теңге.
Жалпы түлектердің медианды жалақысы – 155 621 теңге.
Ең жоғары жалақыны Алматы облысының түлектері алады. Облыс бойынша түлектердің оқу бітіргеннен кейінгі алғашқы жылдағы медиандық жалақысы – 196 769 теңге. Ең төмен жалақы Шымкент түлектерінде – 124 895 теңге, - деді директор.
Айта кетейік, бұған дейін ҰБТ-дан ең жоғары балл жинағандардың қандай университетке түсетіні айтылған еді.