×

Германия Украинаға бір рота «Leopard 2» танктерін береді – БАҚ

ГФР 14 дана соғыс машинасын жөнелтеді

 Дастан Жұмабекұлы 25.01.2023 | 12:30
фото: ашық дереккөз

Германия Украинаға өзінің «Leopard 2» негізгі соғыс танктерін жіберуге шешім қабылдады. Бұл туралы Spiegel хабарлады.

Басылымның жазуынша, әңгіме кемінде 14 дана соғыс машинасын, яғни бір танк ротасын аттандыру турасында болып отыр.

Сондай-ақ ел Үкіметі басқа елдердің де Киевке өздерінің осы техника бірлігін берулеріне рұқсат етуді құп көреді. Германия танктерді Бундесвердің (Германия Қарулы күштері, - ред.) қоймасынан жөнелтеді. Содан кейін «Leopard 2» танктерінің әлі пайдаланылмаған су жаңа түрлерін де беруі мүмкін. Германияның мұндай шешімге келуіне одақтастарының, соның ішінде АҚШ-тың берік позициясы әсер етті, – делінген басылымда.

Ақ үй әкімшілігі де Украина өзінің қазіргі заманғы «Abrams M1» танктерін жөнелтуге ұйғарым жасады. The Wall Street Journal газетінің АҚШ шенеуніктерінің мәлімдемелеріне сілтеме жасай отырып жазғанындай, бұл осы кездері Германиямен арада жасалған келісімнің бір бөлігі. Атап айтқанда, Германия тек АҚШ өз танктерін бергенде ғана «Leopard 2»-ні жөнелтетінін білдірген. Осы келісімге сәйкес, енді ГФР тарапы Украина Қарулы күштеріне бастапқы жоспарланғандай көлемде «Leopard 2» танктерін жіберіп қана қоймайды, сонымен бірге өзге елдердің өздерінде бар осындай танктерін берулеріне қарсы болмайды.

Кеше Польша Германиядан өзіндегі «Leopard» танктерін Украинаға беруге рұқсат сұраған болатын. Варшава тіпті оның алдында бұларды Берлиннің рұқсатынсыз-ақ бере беретінін жариялаған еді.

Польшадан басқа, Финляндия, Испания, Дания және Нидерланд елдерінің Үкіметтері де Украинаға танктерін беруге дайын отыр. Ал Норвегия 36 «Leopard»-тың 8-ін беруге құлшыныс танытты.

Қазір Бундесвердің еншісінде 320 «Leopard 2» танкі бар. Бірақ олардың қаншасы соғысқа дайын екені әзірге белгісіз. Германияның «Rheinmetall» компаниясы «Leopard»-тың әртүрлі модификациядағы 139 танкін беруге әзір тұрғанын хабарлады.

Қаңтардың 20-сында НАТО өкілдерінің Германиядағы «Рамштайн» әуебазасындағы кездесуінде де бұл мәселе жан-жақты талқыланды. Бірақ қатысушылар онда ортақ бір мәмілеге келе алмаған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама