Қостанай облысында заңсыз криптовалюта айырбастау пункттері анықталды

Дәурен Ерболат

200 мың доллардан асатын криптоактив табылды

Фото: marieclaire.ru

Қостанай облысында заңсыз жұмыс істеген криптовалюта айырбастау пункттері анықталды, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

ҚМА Қостанай облысы бойынша департаменті KZobmen.com, 1wm.kz, kazobmen.ru, wm007.kz, kz-exchange.com крипто айырбастау пункттері арқылы аса ірі мөлшерде табыс табумен ұштасқан азаматтардың қылмыстық әрекетінің жолын кесті.

Жедел іздестіру барысында 6 мекенжай бойынша санкцияланған тінту жүргізілді. Нәтижесінде криптовалюта айырбастау пункттерінің ұйымдастырушыларын әшкерелейтін заттар: ноутбуктер, моноблоктар, ұялы телефондар, банктік және бухгалтерлік құжаттар, қылмыстық қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын криптоәмиян кілттері (флэш-карталар) тәркіленді.

Binance платформасында 2 крипто әмиянда 6 мың доллар криптоактив анықталды. Оларға уақытша шектеу қойылды.

Басқа криптобиржаларда орналасқан тағы 200 мың доллардан асатын криптоактив анықталды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Басқа ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды.

Қаржылық мониторинг агенттігі қызмет түріне тиісті лицензия болған жағдайда Астанадағы АХҚО аумағында ғана криптовалюта айырбастау пункттерінің жұмысына рұқсат берілгенін ескертеді.