×

Трансформаторлардың қауіпсіздігіне қойылатын талап күшейеді

Электр жабдығының жануының 100-ден аса дерегі тіркелді

 Дәурен Ерболат 19.01.2023 | 17:11
Фото: elekom.ru

Қазақстанда трансформаторлардың қауіпсіздігіне қойылатын талап күшейеді, деп хабарлады СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті.

Комитет мәліметінше, жоғары вольтты жабдыққа қатысты ұлттық техникалық регламентті әзірлеу туралы шешім қабылданды. Бұйрық ведомствоның сайтында жарияланды.

Трансформаторлар өте қауіпті болуы мүмкін. Мысалы, жоғары вольтты жабдықтың өрт, жарылыс қауіпсіздігіне сәйкес келмеуі және тағы басқа. ТЖМ мәліметінше, соңғы 2 жылда электр жабдығының жануының 100-ден аса дерегі тіркелді. Олардың басым бөлігі ескірген немесе адамдар дұрыс пайдаланбаған. Сондықтан өнімге және оның сәйкестігін бағалау рәсіміне қойылатын талап болуға тиіс, - деді Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.

Сондықтан биыл жоғары вольтты жабдыққа қойылатын талап техникалық регламенттің мәтінінде белгіленеді.

«Қазақстанда трансформаторлар, конденсаторлар және басқа да жоғары вольтты жабдықтар өндірісі жоғары деңгейде дамыған. Отандық өндірушілердің жабдықтары ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, шетелде бәсекеге қабілетті. Олар барлық қауіпсіздік талаптарына, оның ішінде шетелдік сынақ орталықтарында да сәйкестігін сәтті растайды. Алайда бүгінде қазақстандық тұтынушылар сұр қауіпті импорт проблемасына тап болып отыр», - деді Қазақстан электр машина жасау қауымдастығының басқарушы директоры Ғалым Болатов.

Ол қауіпсіздіктің міндетті талаптарының болмауы уәкілетті органдарға тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік бермейтінін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама