×

Australian Open-2023: Қазақстан теннисшілері келесі айналымға шықты

Александр Бублик Австралияның ашық чемпионатымен қош айтысты

 Дастан Жұмабекұлы 19.01.2023 | 12:15
фото: Қазақстан теннис федерациясы

Теннистен Австралияда өтіп жатқан «Үлкен дулыға» турнирінде әйелдер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина үшінші айналымға шықты. Әлемнің 47-ракеткасы Юлия Путинцева, ерлер арасында Александр Недовесов пен Андрей Голубев жұптық сында екінші айналымға жолдама алды.

Әуелі Рыбакина екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 104-орында тұрған словениялық Кайя Йуванмен кездесті. Бірінші партияда отандасымыз қарсыласын 6:2 есебімен ұтып, өз шеберлігінің әлдеқайда басым екендігін көрсетті. Екінші сетте де бірден алға кетіп, қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Есеп – 6:1.

Ойында Рыбакина 5 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Ол төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 11-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинз немесе рейтингте 133-сатыдағы чехиялық Каролина Мухованың біреуімен кездеседі. Жуырда Аделаида турнирінде Д.Коллинзді 5:7, 6:2, 6:3 есебімен ұтқан еді.

Одан кейін Юлия Путинцева әлемнің 42-ракеткасы, румыниялық Сорана Кырстямен кездесіп, оны бірінші партияда 6:2, содан кейін 6:4, 6:3 есебімен ұтты. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған матчта Путинцева 3 эйспен бірге бес брейк-пойнтты түгел пайдалана білді. Енді Қазақстан теннисшісі үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 31-ракеткасы, чехиялық Каролина Плишковамен кездеседі

Александр Недовесов пен Андрей Голубев жұптық сында австралиялықтар Дейн Суини мен Ли Тумен кездесті. Бұл ойында отандастарымыз қарсыластарын 6:0, 6:2 есебімен оңай жеңді. Бір сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында олар 1 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Енді олардың екінші айналымдағы қарсыластары кейін анықталады.

Александр Бублик Мельбурнмен қош айтысты. Ол австралиялық Джон – Патрик Смитпен бірге осы «Үлкен дулыға» турнирінің бірінші ракеткалары, нидерландылық Уэсли Колхоф пен Нил Скупскинен 1:6, 2:6 есебімен жеңіліп қалды.

Анна Данилина мен Александр Недовесов миксте күш сынасады. Олар колумбиялық Хуан Себастьян Кабаль – франциялық Кристина Младенович дуэтімен ойнайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама