Бас прокуратура Челахтың арызына қатысты мәлімдеме жасады

Халық үні

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Челахтың арызына әлі жауап берілмегенін айтты

Фото: azattyq.org

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Мәжіліс отырысынан кейін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Владислав Челахтың шағымына қатысты БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берді.

«Оның шағымы біздің қарауымызда жатыр. Нәтижесі бойынша тиісті жауап қайтарамыз», – деді Әсет Шындалиев.

Журналистер Владислав Челахтың туыстары Бас прокуратурадан жауап алынғанын әрі процедура екі күнге жалғасқанын мәлімдегенін айтты.

 «Жауап алынған жоқ. Шағым бойынша біз тағы қосымша ақпарат беретін боламыз», - дейді Бас прокурордың орынбасары.

Сондай-ақ журналистердің «Челах нақты неге шағымданды?» деген сауалына Әсет Шындалиев қысқа жауап берді.

«Оның барлығын сіздерге айта алмаймын. Челах шағымданды. Егер өзі қаласа, өзі айтып берер», – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін «Арқанкерген» шекара бекетіндегі қайғылы оқиғадан кейін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Владислав Челахтың өтініші Бас прокуратураға түскені хабарланды.