×

Мұхтар Әблязовты елге қайтару: Бас прокуратура Франциядағы экс-банкирге қатысты пікір білдірді

Қазақстан мен Франция билігі қылмыстық істерді бірігіп тергей алады

 Дәурен Ерболат 18.01.2023 | 11:03
Мұхтар Әблязов, imperiya.by: UGC

Мәжіліс «Қазақстан мен Франция арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Шарт 2021 жылғы 28 қазанда Астанада әзірленді. Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев шарттың басты міндеттеріне тоқталды.

«Қылмыстық іс бойынша куәгер немесе жәбірленуші шетелде тұрып жатуы мүмкін. Олардан жауап алу керек. Біздің құқық қорғау органдары өздігінен сол елге барып, тергеу әрекетін жасай алмайды. Сондай-ақ қылмыстық істі тергеуге айғақ заттар, құжаттар, қылмыс құралдары өзге ел аумағында болуы мүмкін. Оны өзіміз барып ала алмаймыз. Сол үшін құқықтық көмек туралы шарттар жасалады. Мұндай шарттар тергеудің толықтығын қамтамасыз ету үшін сұрау жолдап, куәгерден немесе жәбірленушіден жауап алуға, заттай айғақтарды тәркілеуге мүмкіндік береді. Шетелдегі тергеу әрекеттері олардың заңнамасына сәйкес шешіледі», - деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.

Әсет Шыңдалиев аталған шарт аясында бірқатар мәселені шешуге болатынын атап өтті.

Осыған дейін өзара келісім принципі негізінде жүзеге асырылды. Енді шартта екі жақтың құқықтық міндеттемелері нақты белгіленеді. Жалпы құқықтық көмек сұрау салу арқылы жүзеге асырылады. Ол заттарды тәркілеу, тінту, банктегі шоттарды анықтау, жауап алу, ақпарат алмасу мен басқа да тергеу амалдарын қамтиды, - деді Бас прокурордың орынбасары.

Шартқа сәйкес, тараптар қылмыстық құқықбұзушылықтарға қатысты кез келген жағдайда бір-біріне барынша кеңінен өзара құқықтық көмек көрсетуге міндеттеледі. Шартты іске асыру қос елдің қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығының тиімділігін арттырады. 

«Халықаралық шарттар туралы» Қазақстан заңына сәйкес шарт міндетті ратификациялауға жатады. Өйткені, ол адам мен азаматтың құқығы мен бостандығын тікелей қозғайды.

Мәжіліс депутаттары дауыс беру нәтижесінде заң жобасын қабылдады.

Бас прокурордың орынбасары Мәжіліс отырысынан шыққан соң Францияда тұрып жатқан экс-банкир Мұхтар Әблязовты Қазақстанға қайтару мәселесіне қатысты пікір білдірді.

«Тергеу жұмыстарымен танысқан жоқпын. Оны нақты білмеймін. Бүгінде Мұхтар Аблязовқа қатысты Қазақстанда 2 қылмыстық іс қозғалған. Олар бойынша шешім бар. Франция бізге Мұхтар Әблязовты бермесе де, Франицияда Мұхтар Әблязовқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Әблязовтың адвокаттары қылмыстық іс бойынша шешімді апелляцияға берді. Апелляция олардың бір ғана мәселе бойынша сұрағын қанағаттандырды. Қазір бұл шешімге Париж прокуроры наразылық берді. Бүгінде іс сотта қаралып жатыр», - деді Әсет Шындалиев.

Бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Қазақстан билігі Францияда тұрып жатқан экс-банкир Мұхтар Әблязовты елге қайтаруға бар күшін салатынын айтқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама