×

Қызылорда облысында балық шаруашылығын дамытуға басымдық беріледі

Өңірде 12 тоғандық және 16 шарбақтық шаруашылық құру жоспарланған

 Динара Амантай 12.01.2023 | 12:23
Фото: gov.kz

Қызылорда облысында тауарлы балық өсіру және сирек кездесетін балық түрлерін көбейту мақсатында 2 тоған шаруашылығы құрылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі аталған шаруашылықтарда сазан, ақ амур, дөңмандай және африкалық жайын сынды балық түрлері өсіріліп жатыр. Сондай-ақ облыста 2030 жылға дейін 12 мың тоннадан асатын балық шығаратын 16 шарбақтық шаруашылық пен 1200 тонна тауарлы балық өсіретін 12 тоғандық шаруашылық құру жоспарланған.

Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 55 тауарлы су айдыны мен 4 тоған шаруашылығы жұмыс істеп жатыр. Жалпы, аталмыш бағдарлама шеңберінде 2030 жылға дейін облыста 16 мың тонна балық өсіру межеленіп отыр. Осыған сәйкес, 15 су айдыны кәсіпшіліктен көл тауарлыға ауыстырылды. Сонымен қатар, балық шабақтарын құтқару және қырылу қаупінің алдын алу бойынша белсенді шаралар жүргізілді.

Атап айтқанда, Сырдария және Жалағаш аудандарында жауапты мамандармен бірлесіп, заңсыз балық аулауға қарсы кезекшілік ұйымдастырылды. Осы жұмыстардың арқасында 8 млн данадан аса балық шабақтары құтқарылды. Одан бөлек, «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясына 500-ге жуық адам қатысып, су айдындарынан 44 тоннаға жуық әртүрлі қоқыс қалдығы шығарылды. Ал «Уылдырық шашу» балық қорғау акциясы басталғалы 214 балық қорғау заңнамасын бұзу дерегі анықталып, тиісті әкімшілік хаттама толтырылды», - деді Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жанқожа Рамбердіұлы.

Бұған қоса, ол биыл да балық шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғастырылатынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама