×

Елімізде алғаш рет мамандандырылған мектеп оқушылары арасында роботтар фестивалі өтеді

Оған еліміздің әр өңірінен 159 оқушы қатысады

 Динара Амантай 10.01.2023 | 15:26
Фото: Милана ГУЗЕЕВА

Елімізде алғаш рет мамандандырылған мектеп оқушылары арасында роботтар фестивалі өтпек, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, фестиваль 10-11 қаңтарда Алматы облысы Қаскелең қаласындағы Сүлеймен Демирел атындағы университетте өтеді. Оған еліміздің әр өңірінен 159 оқушы қатысады.

Фестиваль халықаралық FIRST ережелері бойынша екі бағытта өтеді. Бірінші бағыт – FIRST LEGO League Challenge, оған 10-16 жас аралығындағы оқушылар қатыса алады. Екінші бағыт – FIRST Tech Challenge. Онда 12-18 жас аралығындағы оқушылар бақ сынасады.

Оқушыларымыздың арасында робототехника танымал болып келеді. Соңғы үш жылда 3 мыңнан аса робототехника кабинеті ашылды. Сондай-ақ қазақстандық оқушылар робототехникадан халықаралық жарыстарда үздік нәтиже көрсетіп келеді. Мысалы, қазан айында оқушыларымыз Женевада өткен робототехникадан FIRST GLOBAL CHALLENGE әлем жарысында жеңіске жетті. Кейін шымкенттік оқушылар Дортмунд қаласында өткен робототехникадан халықаралық олимпиадада алғаш рет екінші орынды иеленді. Бұл жеңістің барлығы – біздің дұрыс бағытта жұмыс істеп жатқанымыздың дәлелі. Робототехниканы дамыту және танымал ету үшін «USTEM Robotics» қоғамдық қорымен бірлесіп, мамандандырылған білім беру ұйымдарының оқушылары арасында алғаш рет республикалық роботтар фестивалін өткізіп отырмыз. Жарыс жеңімпаздары робототехникадан Қазақстан ұлттық құрамасы қатарына қосылып, алдағы уақытта «FIRST Kazakhstan 2023» республикалық финалына қатысуға мүмкіндік алады, – дейді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әнуар Унайбеков.

Еске сала кетсек, соңғы екі жылда 2 мыңға жуық мұғалім робототехника курсынан өткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама