×

Елімізде 37 ЖЭО-ның 19-ы апатты жағдайда тұр

Сары аймаққа 11 және жасыл аймаққа тек 7 ЖЭО кірді

 Еркеғали Болатұлы 09.01.2023 | 15:16
фото: yvision.kz

Қазақстанда 19 жылу электр орталығы қызыл аймақта тұр. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайыловтың Сенаттағы депутаттық сауалға берген жауабында айтылған.

«Бүгінде елде 37 жылу электр орталығы жұмыс істейді. Оның 12-сі – (Астана, Ақтау, Семей, Қостанай, Кентау, Орал, Арқалық, Шахтинск, Қызылорда, Тараз қалаларында), коммуналдық меншікте, үшеуі – квазимемлекеттік («АлЭС» АҚ) және 22-сі – жеке меншікте. 25 жылу электр орталығындағы негізгі отын – көмір, 11 жылу электр орталығында газ және мазуттағы 1 ЖЭО бар.

37 ЖЭО-да 190 бу қазандығы, 41 су жылыту қазандығы, 132 бу турбинасы және 5 газ турбинасы жұмыс істейді. Энергетика министрлігі 37 ЖЭО-ның техникалық жай-күйіне талдау жүргізіп, оларды тәуекел топтары бойынша санатқа алды және бірінші кезектегі іс-қимыл жоспарларын әзірледі.

Мәселен, қызыл аймаққа (жоғары тәуекел дәрежесі) 19 ЖЭО, сары аймаққа (орташа тәуекел дәрежесі) 11 ЖЭО және жасыл аймаққа (төмен тәуекел дәрежесі) 7 ЖЭО кірді», - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Оның жауабына қосымша ұсынылған анықтамаға сәйкес, тәуекел аймағына мына қалалардағы ЖЭО-лар кіреді:

  • Қызыл тәуекел аймағындағылар: Арқалық, Кентау, Қызылорда, Орал, Степногорск, Павлодар, Ақтау, Шахтинск, Риддер, Рудный, Балқаш, Жезқазған, Өскемен, Петропавл, Семей, Екібастұз, Тараз қалаларында бір-бірден және Теміртау 2 ЖЭО;
  • Сары тәуекел аймағындағылар: Павлодар, Ақтау, Текелі, Қостанай, Атырауда бір-бірден және Шымкент, Алматы мен Қарағандыда 2 ЖЭО;
  • Жасыл тәуекел аймағындағылар: Орал, Павлодар, Ақтөбе (1 ЖЭО-дан) және Алматы, Астанадағы 2 ЖЭО.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама