×

Өзбекстанда «Док-1 Макс» препаратының сынамасы қате жүргізілгені анықталды

Сапасыз дәрілердің сатылымға шығуына жол берілген

 Дастан Жұмабекұлы 09.01.2023 | 12:08
фото: ашық дереккөз

Өзбекстанда қоғамды дүрліктірген «Док-1 Макс» және «Амбронол» препараттары зертханалық сынамаларының қате жүргізілгені белгілі болды.

Өзбекстан Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, «Док-1 Макс» және «Амбронол» препараттары белгіленген тәртіпте зертханалық тексеруден өтпеген. «Quramax medical» ЖШС әкелген бұл дәрілер «Дәрілік заттарды стандарттау ғылыми орталығынан» зертханалық тексеруден өтіп, сәйкестік сертификаттары берілген.

Алғашқы тергеу барысында «Дәрілік заттарды стандарттау ғылыми орталығы» ЖШС-нің жауапты қызметкерлері тарапынан нормативтік құқықтық құжат талаптарының өрескел бұзылғаны анықталды. Аталған препараттар белгіленген тәртіпте зертханалық тексеруден өтпегендіктен, сапасыз дәрілердің сатылымға шығуына жол берілген, –  делінген хабарламада.

Қылмыстық іс аясында күдікті ретінде «Quramax medical» ЖШС-нің екі басшысы мен «Дәрілік заттарды стандарттау ғылыми орталығы» ЖШС-нің екі жауапты қызметкері МҚҚ тергеу изоляторына қамалған.

Бұған дейін «Док-1 Макс» және «Амбронол» препараттарының Өзбекстан аумағында сатылуына тыйым салынған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама