×

Екібастұздағы ЖЭО-да 3 қазандық істен шықты

Үйлер суып кеткен

 Дәурен Ерболат 07.01.2023 | 14:28
Фото: pavlodarenergo.kz

Екібастұз жылу электр орталығында (ЖЭО) 3 қазандық істен шықты, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бүгін қаладағы кейбір үйлердің батареяларына жылу беру қарқыны төмендеп, олар суыған. «Павлодарэнерго» АҚ оның себебін түсіндірді.

7 қаңтарға қараған түні Екібастұз ЖЭО-да штаттан тыс жағдай болды. 3 қазандық жұмысын тоқтатты, - деді «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры міндетін атқарушы Вадим Лесин.

Оның айтуынша, жұмысшылар шұғыл әрекет етіп, істен шыққан қазандықтарды жөндеген. Таңертең 2 қазандық жұмыс істей бастаған.

Бүгінде 5 қазандық жұмыс істеп тұр. Қалаға берілетін жылудың темпетурасы 47 градусқа дейін төмендеді. Қазір ол көтеріліп жатыр. Жағдай бақылауда. Бәрі тұрақты болады. Тәулік соңына дейін тағы бір қазандықты жөндеуді аяқтаймыз, - деді Вадим Лесин.

Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз халқы қақаған суықта жылусыз қалды. «Екібастұзэнерго» ЖШС-ның хабарлауынша, 27 қарашада түнгі сағат 01:20 уақытында №11 жылу қазандығы тоқтаған. Сосын 01:30 шамасында үлкен көлемдегі желілік су шығынына байланысты, №13, 14 және 15 қазандықтар істен шыққан.

28 қарашада Екібастұз қаласының әкімі жылу желілеріндегі апатқа байланысты қала аумағында техногендік сипаттағы жергілікті төтенше жағдай жариялады. Апат салдарынан көпқабатты 17 тұрғын үй және бірнеше әлеуметтік, заңды тұлға нысандары жылусыз қалды.

8 желтоқсанда Екібастұзда енгізілген төтенше жағдай алынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама