×

ІІМ жүргізушілерге ескерту жасады

Оларды құтқару үшін полицейлер басын қатерге тігеді

 Дәурен Ерболат 07.01.2023 | 13:16
Фото: kolesa.kz/ Евгений Каримов

Жүргізушілерді сақ болуға және ауа райының нашарлауы туралы хабарды ескеруге шақырамын. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев айтты, деп хабарлады Polisia.kz.

Ауа райы Жаңа жыл мерекесінен бастап, бұзыла бастады, 3-4 қаңтар аралығы ең қиын күн болды. Еліміздің 9 өңірінде республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың 79 учаскесінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді. Сондықтан полицейлер мен авариялық-құтқару және жол қызметі бірлесіп, жүргізушілердің қауіпті жол учаскелеріне шығуына жол бермеу үшін тиісті шараларды қабылдады, - деді Қайсар Сұлтанбаев.

Оның айтуынша, кейбір жүргізушілер ескертуге қарамастан жолға шыққан.

Көп жағдайда осындай көліктер қар көшкен жерлерде қалып қойып, оларды құтқару үшін полиция және төтенше жағдай қызметкерлері басын қатерге тігіп, ресурстарды шығындауға мәжбүр болды. Жүргізушілердің көбі жолаушыларға да жауапты екенін түсінбейді, - деді басшы.

Ол нақты мысалдар келтірді.

«Мәселен 4-5 қаңтарда Қарағанды облысы Балқаш қаласы маңындағы автожолда ауа райының қолайсыздығына байланысты 400-ден аса көлік пен 1,5 мың адам жиналды. Жол жабық болған. Тіпті, осы учаскеде 5 көлік қарға батып, кейін қайтуға мәжбүр болды. Осыған қарамастан кейбір жүргізушілер полиция және әкімдік қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, өздерін дөрекі ұстады. Олар адамдарды балағаттап, күш қолдануға дейін барды. Мысалы, жол жиегі арқылы өтпек болған Hyundai Creta жүргізушісіне полицейлер Әкімшілік кодекстің 667-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Ол полицияның заңды талабына бағынбады. Қазір іс әкімшілік сотқа жолданды.

Осыған ұқсас жағдай 4 қаңтарда да болды. Республикалық маңызы бар Омбы – Майқапшағай жолында (Абай облысы Боғас, Көкпекті ауылдарының маңы) Lada 21703 және Toyota Avalon көліктерінің 2 жүргізушісіне Әкімшілік кодекстің 667-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Олар полицияның заңды талабын бағынбай қауіпті жабық учаскеге шыққан», - деді Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы.

Қайсар Сұлтанбаев жүргізушілерді жолда сақ болуға және ауа райының нашарлауы туралы хабарды ескеруге шақырды.

Ол ескертуді елемеген жүргізушілер жауапқа тартылатынын ескертті: 30 AEK (103 500 теңге, 1 АЕК – 3 450 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеу немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама