×

Павлодарда көшеде мылтық ұстап жүрген жасөспірім ұсталды

Қару оның әкесіне тиесілі болған

 Дәурен Ерболат 29.12.2022 | 16:46
Фото: Polisia.kz

Павлодарда полиция көшеде мылтықпен жүрген жасөспірімді ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.

29 желтоқсанда түнгі сағат 02.52-де Павлодардағы Торайғыров көшесінің бойында патрульдік полиция батальонының инспекторлары 17 жастағы жасөспірімді ұстады. Одан 5 оғымен МЦ-21-12 тегіс және бір ұңғылы 2 мылтық тәркіленді.

Жасөспірімнің жанында мас әкесі болған. Оның ішімдік ішкені медициналық куәландыру нәтижесінде анықталды.

Тәркіленген қару жасөспірімнің әкесіне тиесілі болған. Сондай-ақ оның атына ИЖ-58 тағы бір мылтық тіркелген.

Бұл дерек негізінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 484-бабы бойынша 46 жастағы қару иесіне қатысты әкімшілік іс қозғалып, 10 АЕК (31 800 теңге, 1 АЕК – 3180 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Қолда бар 2 қару тәркіленді. Сондай-ақ оның қаруды сақтауға және алып жүруге рұқсатының күші жойылды. Сонымен қатар қоғамдық орында мас болғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабы бойынша ер адамға 5 АЕК (15 900 теңге) айыппұл салынды, – деді Павлодар облысы ПД басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама