×

Қазақстанның БҰҰ қарарына неге қарсы дауыс бергені түсіндірілді

Еліміз Ресей мен Украина арасындағы жағдайдың бейбіт жолмен шешілгенін қолдайды

 

 Дәурен Ерболат 28.12.2022 | 17:59
Фото: Getty Images/Michael M. Santiago

СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан БҰҰ-ның Қырым мен Украинаның Севастополь қаласындағы жағдайға қатысты қарарға неге қарсы дауыс бергенін түсіндірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, БҰҰ Бас ассамблеясының «Қырым Автономиялық Республикасы мен Украинаның Севастополь қаласындағы Адам құқықтары саласындағы жағдай туралы» қарары 15 желтоқсанда Нью-Йоркте қабылданған. Еліміз бұл қарарға қарсы дауыс берген.

Ресми өкіл дауыс беру кезінде Қазақстан нені негізге алғанын түсіндірді.

Қазақстан БҰҰ Жарғысына сәйкес Украинадағы қақтығысты бейбіт жолмен шешуді жақтайды. Біз Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын жақтаймыз. Біздің принципті ұстанымымыз – «Қырым Автономиялық Республикасы мен Украинаның Севастополь қаласындағы Адам құқықтары саласындағы жағдай» мәселесі БҰҰ-ның арнайы органында, атап айтқанда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде қарастырылуы керек, - деді Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ол БҰҰ Бас ассамблеясының «БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі туралы» 60/251 қарарына сәйкес, бұл Кеңес өз жұмысында таңдалмаушылық, объективтілік қағидаттарын басшылыққа алып, саясаттандырудан аулақ болуға тиіс екенін жеткізді. Бүгінде Қазақстан басқа 46 елмен бірге БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі болып саналады.

«Қазақстанның 2013-2015 жылдары кеңес мүшесі болған кездегідей, біз проблемалық мәселелерді еңсеруде «зиян келтірмей, көмектесу» қағидатын негізге алдық. Аталған қарар бойынша Қазақстанның ұстанымы дәйекті және өзгермейді», - деді ол.

Айбек Смадияров Қазақстан осы қарар бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының бұған дейінгі сессияларында да дәл осындай ұстаным білдіргенін атап өтті.

Қазақстан БҰҰ алаңы мемлекеттер арасындағы қарама-қайшылық орны емес, диалог пен келіссөздердің негізгі құралы болуы керек деп санайды. Жанжалдың одан әрі өршуіне және санкциялар алмасудың қатаңдауына жол бермей, келіспеушіліктерді еңсерудің бейбіт жолдарын іздеуді жалғастыру маңызды, - деді СІМ-нің ресми өкілі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама