×

Қайрат Боранбаевқа қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды

Айыпталушылардың 38 млрд теңге сомасындағы ақшалай қаражатына тыйым салынды

 Халық үні 26.12.2022 | 14:05
Қайрат Боранбаев, фото: ашық дереккөзден

Қаржылық мониторинг агенттігі «АзияГазЧунджа» ЖШС құрылтайшылары Қайрат Боранбаев пен Роман Нахановқа және «Qazaq Gaz» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Таир Жанұзаққа сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 млрд теңге ұрлау және қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады.

23 желтоқсанда Бас прокуратура істі соттың қарауына жіберді.

Ұлттық компанияға келтірілген залал «Qazaq Gaz» АҚ шоттарына аудару арқылы толық көлемде өтелді. Айыпталушылардың 38 млрд теңге сомасындағы ақшалай қаражатына, 15 жылжымайтын мүлік объектісіне, 3 автокөлік құралына тыйым салынды.

Агенттік Қайрат Боранбаевқа және басқа адамдарға қатысты газ экспорты кезінде ұрлау және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактілері бойынша бөлінген істер шеңберінде сотқа дейінгі тергеуді жалғастыруда.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Айта кетейік, 2022 жылдың наурызында квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаржы жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс бойынша Қайрат Боранбаев қамауға алынды.

2022 жылдың қыркүйегінде Қаржы мониторингі агенттігі аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырды және ақшаны жылыстатты деген күдікке ілінген Қайрат Боранбаев пен оның сыбайластарына қатысты істің тергеуін аяқтады.

Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, ұрланған 14,5 млрд теңге көлеміндегі қаражат кейіннен заңды кәсіпкерлік қызметтен дивиденд ретінде бөлу және төлеу желеуімен заңдастырылған. Осылайша, күдіктілер жасалған заңсыз операциялардың шын мәнін жасырған. Тергеу барысында келтірілген шығын толық көлемде өтелді. Сонымен қатар 38 миллиард теңге қолма-қол ақша мен 4,2 миллиард теңгенің жылжымайтын мүліктері тәркіленді. Осы бөлім бойынша тергеу аяқталды, материалдар процеске қатысушыларға таныстыру үшін берілді.

Қайрат Боранбаев – Дариға Назарбаеваның құдасы. Боранбаевтың қызы Әлима 2013 жылы Айсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шықты. Айсұлтан 2020 жылы тамызда Лондонда қайтыс болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама