×

Алматыда азық-түлік бағасын тұрақтандыруға 15 млрд теңге бөлінген

Қомақты қаржы жергілікті бюджеттен алынды

 Дәурен Ерболат 22.12.2022 | 14:38
Фото: voxpopuli.kz

Биыл Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстау үшін 15 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бағаны тұрақтандыру үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне 15 млрд теңге бөлінді. Magnum желісінің сөрелеріндегі бағалар, сондай-ақ әлеуметтік нан және жұмыртқа өндірушілерінің сату бағасы тұрақтандырылып жатыр, - деді Әлішер Әбдіқадыров Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, маусымаралық кезеңде көкөніс бағасын тұрақтандыру үшін 20 мың тоннаға жуық көкөніс алдын ала сатып алынған. Павлодар облысынан 4 мың тонна картоп пен 1 мың тонна сәбіз сатып алу жоспарланған.

2023 жылғы сәуір-маусым аралығында еліміздің оңтүстік өңірлерінен, Өзбекстан, Пәкістан және Ираннан ерте пісетін көкөністерді жеткізу ұйымдастырылады. Бүгінде бұл мәселе Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктерімен бірлесіп пысықталып жатыр, - деді ол.

Алматы әкімінің орынбасары Үкіметтің қант саласын дамыту жөніндегі бағдарламаны қабылдағанын атап өтті.

Нәтижесінде әкімдік Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, белгіленген бағамен 5,7 мың тонна өнімді жеткізу үшін «Ақсуқант» қант зауытына 2,6 млрд теңге бөлу мәселесін пысықтаған, - деді ол.

Сонымен қатар күріш, қарақұмық жармасы, күнбағыс майы және көкөніс өнімдерін сатып алу үшін 3,8 млрд теңге резервке қойылған.

«Барлық 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімінің бағасы тұрақты болады. Қол қойылған шарттар мен келісімдер шеңберінде өңірлерден 80 мың тоннадан аса өнім жеткізіліп жатыр. 1,5 мың үйдің маңындағы дүкендерге 2 мың тонна бакалея, 2,4 млн жұмыртқа жеткізілді. Азық-түлік емес тауарлардың 1,2 мың түрі қоймаларда көтерме бағамен сатылып жатыр»,- деді Әлішер Әбдіқадыров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама