×

Енді ЖОО-ларға білім гранттары жаңа күнтізбелік жыл басталғанға дейін бөлінетін болды

Мерзімдерді өзгерту барысында талапкерлердің де, жоғары оқу орындарының да мүдделері ескерілді

 Динара Амантай 21.12.2022 | 11:05
Коллаж: egemen.kz

Жоғары оқу орындары арасында мемлекеттік тапсырысты орналастыру конкурсы 28 желтоқсанда басталады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, білім беру гранттарын орналастыру мерзімдерін өзгерту барысында талапкерлердің де, жоғары оқу орындарының да мүдделері ескерілді. Енді талапкерлер қай жоғары оқу орындарына және қандай мамандықтар бойынша гранттар бөлінгені туралы ертерек хабардар болады. Ал жоғары оқу орындары қабылдау науқаны бойынша жұмысты алдын ала жоспарлауға мүмкіндік алады.

2023-2024 оқу жылына арналған білім беру бағдарламаларының топтары бөлінісінде мемлекеттік тапсырысты орналастыру конкурсы осы жылдың 28 желтоқсаны мен 2023 жылдың 5 қаңтары аралығында өтеді.

Мұндай шешімдерді қабылдау кезінде, бірінші кезекте, мемлекет басшысының білім беру сапасын көтеру туралы тапсырмаларын назарға ала отырып, біз талапкерлеріміздің мүдделерін ескереміз. Мамандықтар атласы (экономиканың басым салалары: тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, АКТ, энергетика, туризм және құрылыс) және еліміздің бес өңірінде іске асырылатын «Мамандығым – болашағым» жобасы негізінде мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде өңірлердің кадрларды даярлау жоспардағы қажеттіліктеріне баса назар аударылатын болады. Министрлік мамандардың біліктілігінің жаңа реттегішін құруда. Ол еңбек нарығындағы жоғары динамиканы ескере отырып қажет болады. Өйткені кейбір мамандықтар сұранысқа ие болмай жатыр. Талапкерлер үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға қажетті шешімдер алдағы уақытта да қабылданатын болады, – деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Жоғары оқу орындарында мемлекеттік тапсырыс білім берудің барлық деңгейі – бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша орналастырылатын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама