×

Жамбыл облысында ер адамды бопсалаған күдіктілер ұсталды

Күдіктілердің бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды

 Динара Амантай 20.12.2022 | 10:20
Фото: polisia.kz

Жамбыл облысында ер адамнан 2 миллион теңге талап еткен күдіктілер ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 6 желтоқсанда Тараз қаласының Полиция басқармасына бопсалау туралы облыс орталығының 26 жастағы тұрғыны шағымданған. Ол өзінен қорқыту арқылы апта сайын екі азаматтың әшкерелеуші ақпаратты жарияламауы үшін 300 мың теңге көлемінде ақша бопсалап алып тұратынын хабарлады. Жәбірленушіден барлығы 2 млн теңге көлемінде ақша талап еткен.

Жамбыл облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде арызданушыдан кезекті рет 200 мың теңге көлемінде қаражатты алу кезінде 28 және 29 жастағы жергілікті тұрғындар ұсталды.

Осы дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігімен («Қорқытып алу») сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Ұсталғандар кінәларын толық мойындады.

29 жастағы күдікті Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Оның серіктесіне қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Күдіктілердің бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.

Қазір барлық қажетті тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама