×

Тұңғыш әлем чемпионы елге қола жүлде де әкеле жатыр

Туниске барар алдында біз Аланмен бірге екі медаль алуды мақсат еткен едік, - деді жаттықтырушы

 Дастан Жұмабекұлы 12.12.2022 | 16:17
фото: ашық дереккөз

Тунисте үстел теннисінен жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында Алан Құрманғалиев алтын жүлдемен қоса қола медальді де жеңіп алды.

Қазақстан үстел теннисі федерациясының хабарлауынша, Эльмира Әлиева жаттықтыратын 15 жастағы спортшы мысырлық Хана Годамен аралас жұпта әлем чемпионы атанса, жекелей сында үздік үштікке ілікті.

Жекелей сында 15 жастағы жасөспірімдер арасында франциялық Флавиен Котон топ жарса, жапониялық Ёшияма Казуки екінші орынға ие болды. Алан Құрманғалиев тағы бір жапониялық Танимото Такумимен бірге үшінші сатыға көтерілді.

Туниске барар алдында біз Аланмен бірге екі медаль алуды мақсат еткен едік. Соны орындадық. Жаттығу залында көп еңбектендік. «WTT Contender» турнирлеріне қатысып, тәжірибе жинақтадық. Халықаралық рейтингтегі орнымызды жақсарттық. Міне, соның нәтижесінде елге қос медальмен оралып келе жатырмыз. Жан-жақты қолдағаны үшін Қазақстан үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Абулғазинге, Қарағанды облыстық федерациясының төрағасы Жеңіс Қасымбекке алғысымды білдіремін, –  деді Аланның жаттықтырушысы Эльмира Әлиева.

Бұдан бұрын Алан Құрманғалиевтің үстел теннисінен алғаш рет әлем чемпионы атанып, оны президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, жеделхат жолдағанын жазған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама