×

АҚШ Ресейдің ядролық арсеналын арттырғанын мәлімдеді

Вашингтон мен Мәскеудің оқтұмсықтар қорлары тиісінше 5 428 және 5 997 болып тұр

 Дастан Жұмабекұлы 12.12.2022 | 10:50
фото: ашық дереккөз

АҚШ-тың Қорғаныс министрі Ллойд Остин Ресейдің ядролық арсеналын арттыра бастағанын мәлімдеді. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.

«АҚШ Ресейдің өз ядролық арсеналын арттырып, жетілдіріп жатқаны жөнінде мәлімет алып отыр», – деді Пентагон басшысы.

Оның айтуынша, Қытай да қазір сондай шаруамен шұғылданып жатыр.

АҚШ жаңа фазаның табалдырығында тұр. Оның шеңберінде біз стратегиялық қарсыластар ретіндегі екі ірі ядролық державамен бірінші рет текетіреске түскелі отырмыз. Қытай өзінің ядролық арсеналын кеңейтумен, жаңғыртумен және оңтайластырумен айналысып жатыр. Ресей де өзінің ядролық арсеналын кеңейтіп, жаңғыртуға кірісіп кетті, – деді Остин.

Бұл ретте АҚШ Қорғаныс министрінің мәлімдемесі РФ президенті Владимир Путиннің кезекті мәрте көрсеткен ядролық қоқан-лоққысы салдарынан жасалды. Ол 9 желтоқсан күні Ресейге ядролық соққы бермекші болған кез келген елдің жер бетінен жойылып кететінін айтқан болатын.

«Мен сіздерге ашығын айтайын, ракетамен шабуыл жайында ескерту жүйесі іске қосылған бойда біздің жүздеген ракетамыз бірден әуеге ұшып шығады. Оларды тоқтату мүмкін емес. Жауларымыздан ештеңе қалмайды», – деді Путин.

Пентагон басшысы ядролық державалардың әлемдегі бейбітшілікті сақтап қалу үшін ядролық соғыс пен арандатушылыққа жол бермеуі керектігін атап өтті. Алайда Ресей басшысы өзін бұл тарапта басқаша ұстап отыр.

Кремль өзінің қатыгез тірліктерін жалғастырып, ешкімге пайда әкелмейтін соғысты Украинада өрістете берсе, Путин ядролық қаруын жалаңдатып, әркімді қорқытып отыра берсе, бейбітшілік болмайды, – деді ол.

Қазір АҚШ пен Ресейде әлемдегі ядролық қарудың 90 пайызы жинақталған. 2022 жылғы қаңтардағы мәлімет бойынша, Вашингтон мен Мәскеудің оқтұмсықтар қорлары тиісінше 5 428 және 5 997 болып тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама