×

Нариман Төрағалиевтің депутаттық өкілеттілігі тоқталды

Ол Батыс Қазақстан облысы әкімі қызметіне тағайындалған 

 Дәурен Ерболат 08.12.2022 | 11:11
фото: parlam.kz

Сенат депутаты Нариман Төрағалиевтің депутаттық өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Орталық сайлау комиссиясына сенатордың басқа қызметке ауысуына байланысты тиісті ұсыным енгізілді.

Президенттің 2022 жылғы 2 желтоқсандағы №30 Жарлығымен Сенат депутаты Нариман Төрағалиев Батыс Қазақстан облысының әкімі лауазымына тағайындалды. Осыған байланысты сіздердің назарларыңызға Қазақстан Конституциясының 52-бабы, «Қазақстан Парламенті және оның мәртебесі туралы» конституциялық заңы 24-бабының 3 және 8-тармақтарына сәйкес, Сенат депутаты Нариман Төрағалиевтің депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату үшін ұсыным енгізіп отырмыз, - деді ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Нариман Төрағалиевтің депутат ретіндегі жұмысын жоғары бағалап, оны Құрмет грамотасымен марапаттады. 

«Біріншіден, мемлекет басшысының өзімнің туған жеріме, еліме облыс әкімі ретінде тағайындап жатқанына үлкен алғыс айтамын. Екіншіден, өздеріңізбен 5 жыл 2 айдай қызмет атқардым. Осы жылдары жылына орташа есеппен 100-ге жуық заңға қабылдап, еліміз бен халқымыздың әл-ауқатын арттыруға, өмір сапасын жақсартуға бағытталған сапалы заңдарды бірге әзірледік. Сіздерден көп тәжірибе алдым. Алда үлкен жұмыстар күтіп тұр», - деді Нариман Төрағалиев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама