×

Атырауда суға батқан балаларды құтқарған 8 жасар оқушы марапатталды

 Динара Амантай 05.12.2022 | 17:30
Фото: polisia.kz

Атыраулық полицейлер суға батқан жасөспірімдерге алғаш болып көмекке келген баланы марапаттады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Өткен демалыс күні суға батқан жасөспірімдерге алғаш болып көмекке келген Дінмұхаммедтің батыл әрекеті көпшілікті тәнті еткен болатын. 8 жаста болса да өзінен үлкен балаларға көмекке келген Дінмұхаммед Серікұлы Жаңбырбай Атырау қаласындағы №3 мектептің 3-сыныбында оқиды. Оны бүгін Атырау облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаев арнайы барып департамент бастығының алғыс хатымен марапаттады

Өз елінің ер-азаматы өз елінің патриоты болу керек. Жігіт жеті жасынан танылады дейді. Дінмұхаммедтің қорықпай жасаған қадамы басқа балалардың аман қалуына септігін тигізді. Жарайсың! Осындай жігіттің өсіп келе жатқаны мақтаныш. Сендей ұл өсіріп отырған ата-анаңа рақмет! Әрдайым қатарластарыңа үлгі бол! Сенің батырлығыңды еліміздің барлық өңірі, тіпті көршілес елдер көріп, таң қалуда. Атырауда осындай батыр бала бар екен деген сөздің өзі бізді марқайтып отыр, – деді Ерлан Биғамбаев.

Дінмұхаммед отбасының ортаншы перзенті, отбасында әпкесі және інісі бар. Ата-анасы ұлдарының ерлік әрекетін бейнежазбадан көріп, таңқалғандарын жасырмады. Сол күні әкесі балаларына өзенге бармау керектігін ескерткен. Содан болар, ол балалардың артынан ілескенімен, мұз үстіне шығып ойнауға асықпаған. Бірақ көмек керек болған балаларға тартынбастан барған.

Мен өмірімді ойламай, қорықпай, достарымды құтқардым. Олар маған рақмет айтты, содан 6 полицей келгенін білемін. Әкем өзенге барма дегесін ұрса ма деп ойладым, әкем ұрысқан жоқ, – деді Дінмұхаммед.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама