×

Магистратураға құжат қабылдау басталады

Болашақ магистранттар құжаттарды дәстүрлі және онлайн форматта тапсыра алады

 Дәурен Ерболат 05.12.2022 | 16:53
Фото: kun.uz

Қазақстанда магистратураға түсу үшін құжат қабылдау басталады, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі.

6 желтоқсанда магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылдау басталады. Ол 12 желтоқсанға дейін университтердің қабылдау комиссиялары, оның ішінде виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы жүзеге асырылады, - деп жазылған хабарламада.

Барлығы 8 мыңнан аса адам магистратураға түсу үшін емтихан тапсырды. Олардың 40%-ға жуығы шекті балл жинады. Орташа көрсеткіш – 69 балл. Ең жоғары балл – 127. Кешенді тестілеу барысында 80 қатысушының нәтижесі жойылды.

Оның ішінде 32 оқуға түсуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқан. Олар тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Кешенді тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 48 адам шығарылып, олардың нәтижесі жойылды, - деп жазылған хабарламада.

Болашақ магистранттар құжаттарды дәстүрлі және онлайн форматта тапсыра алады. Конкурсқа қатысу үшін төмендегі құжаттарды тапсыру керек:

  • Жеке куәліктің көшірмесі,
  • Жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы);
  • КТ сертификаты және бар болған жағдайда шет тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттар;
  • 075/у медициналық анықтамасын ЖОО-ға түскенде тапсыруға болады.

Құжаттарды тапсыру кезінде оқуға түсуші білім беру бағдарламаларының бір тобын және 3 университетті көрсетеді. Магистратураға білім беру грантын тағайындау конкурсы 15-25 желтоқсан аралығында өтеді. Магистратураға түсушілер 4 мыңға жуық мемлекеттік білім грантына үміткер бола алады, – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Грант иегерлерінің тізімі ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында және әлеуметтік желілерде жарияланады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама