×

Беларусте «Хабар 24» арнасының тілшісіне үкім шықты

Дмитрий Лукша ұсталғанға дейін «Хабар 24» қазақстандық телеарнасында штаттан тыс тілші болып жұмыс істеген

 Халық үні 03.12.2022 | 20:29
Фото: sb.by

Минискте қылмыстық іс бойынша журналист Дмитрий Лукшаға үкім шықты, деп хабарлады «Беларусь сегодня».

Дмитрий Лукша 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын ортақ режимдегі түзету мекемесінде өтейді.

Қылмыстық іс бойынша 5 адамға айып тағылған. Оның ішінде журналистің әйелі де бар. Бұрын «Беларусь 1» телеарнасында жұмыс істеген Дмитрий Лукшаға  қоғамдық тәртіпті бұзатын іс-шараларды ұйымдастырды және оған белсенді қатысты, сондай-ақ Беларусь Республикасының беделін түсірді деген айып тағылды.

Дмитрий Лукша ұсталғанға дейін «Хабар 24» қазақстандық телеарнасында штаттан тыс тілші болып жұмыс істеген. 2021 жылғы қарашадан 2022 жылғы наурызға дейін «Хабар 24» және басқа да шетелдік телеарналарға Белоруссияда болып жатқан оқиғалар туралы репортаждар түсірген.

«Бірқатар репортаж өтірік түсірілген, Беларусьтегі жағдай туралы жағымсыз әрі жалған ақпаратқа негізделген. Дүкендердегі тауардың тапшылығы, Беларусь аймағындағы лагерде тұратын босқындардың мүшкіл халі, Украинадағы РФ арнайы операциясындағы біздің елдің рөлі туралы айтылған», – деп жазады басылым.

Басылымның мәліметінше, айып тағылғандардың бәрі 2020 жылы митингтерге белсенді қатысқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама