×

Атырау облысы әкімінің орынбасарына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды

Облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев та жемқорлық күдігіне ілінген

 Халық үні 26.11.2021 | 17:07
Атырау облысының әкімдігі, фото: mapsights.com

Атыраудағы №2 қалалық сотқа 80 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевқа қатысты қылмыстық іс түсті. Бұл туралы azh.kz хабарлады. 

Сот алдында облыс әкімінің орынбасарынан бөлек «Бұйырғын» кооперативінің 55 жастағы директоры Нұрлан Бисембаевтан да жауап алынады. Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі («Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде иемдену немесе жымқыру») бойынша айып тағылып отыр. Қылмыстық іс 14 томға жинақталған. Атырау облысының прокуратурасы істі электронды форматта сотқа жіберді.

Айта кетейік, Атырауда облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаровқа қатысты сот процесі жалғасуда.

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов 2021 жылдың шілдесінде ОКҚ-да өткен брифингте ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталған бірінші орынбасары Нұрлан Таубаевтың кінәсі дәлелденген жағдайда отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеді.

Мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес, кез келген саяси қызметшіге тікелей бағынышты қызметкер сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін ұсталып, сотта оның кінәсі дәлелденсе, оның басшысы отставкаға кетуі керек. Бұл заңға мен де бағынамын. Сондықтан тиісті сот шешімі шықса, бәрін заң бойынша жасаймын, - деген аймақ басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама