×

Қарағандыда суға батқан адамдарды құтқарған жігіттің кім екені белгілі болды

Қазір құтқарушы мен жолаушылар дәрігерлердің бақылауында 

 Дастан Жұмабекұлы 30.11.2022 | 10:24
фото: facebook.com

Қарағанды облысында Нұра өзенінің үстінде суға батып бара жатқан екі көліктен адамдарды құтқарған жігіттің есімі белгілі болды. Ол Оразалы Асылханов деген жергілікті тұрғын болып шықты. Бұл туралы «Теміrtau tynysy» газетінің бас редакторы Нұрлыхан Қалқаманұлы айтты.

Оразалы Асылханов ызғары бет қаратпайтын қақаған аязда мұздай суға үш рет сүңгіп, бірнеше адамды ажалдан арашалап қалды, - деп жазды ол.

Оның айтуынша, бір топ адам таксимен Ғ.Мұстафин ауылына қарай жолға шығады. Көлікте аяғы ауыр келіншек, бес жастағы қыз және құндақтағы нәресте болған. Айналма жолдың сапасы тым нашар болғандықтан жұрт қыс түскенде Нұра өзенінің үстімен жүруді әдетке айналдырған. Таксидің шопыры да сол әдетке салып, мұзға шығады. Бірақ, жол ортасына келгенде мұз шытынап, көлік суға кеткен. Сол кезде алдыңғы орында отырған Оразалы Асылханов дереу қауіпсіздік белбеуін шешіп, аяғы ауыр келіншекті құтқарып қалады. Артынша қайыра суға сүңгіп, екінші келіншекті алып шығады. Кейін үшінші рет мұздай суға сүңгіп, сәби мен бес жастағы қызды жағалауға жеткізіп, есінен танып қалған қызға алғашқы көмекті де көрсеткен. 

«Оразалының ерлігі бұл ғана емес . Анасының айтуынша, жазда Нұраға батып бара жатқан екі қызды құтқарып қалыпты. Өзінің әскерден келгеніне де көп бола қоймапты. Құтқару қызметіне жұмысқа тұрғысы келіп, орналаса алмай жүр екен», - деді ол.

Ол қазір құтқарушы мен жолаушылардың жағдайлары қалыпша, ауруханаға жатқызылып, дәрігерлердің бақылауында екенін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама