×

«Хат жазып қалдырған»: қаңтардағы тәртіпсіздік бойынша айыпталған белсенді өзіне қол жұмсады

Адвокат арнада Нұрпейісов жазды делінген хаттың электронды көшірмесін көрсетіп, мазмұнын баяндайды

 Халық үні 25.11.2022 | 22:45
Фото: azattyq.org

Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған белсенді Қалас Нұрпейісов өзіне қол жұмсады. Бұл жөнінде 25 қарашада адвокат Жалғас Сапарханова журналист Думан Мұхаммедкәрімнің YouTube-тағы «Не дейді» арнасында хабарлады. Арнаның хабарлауынша, Нұрпейісовтің өзіне қол жұмсауына «тергеу органдарының қысымы себеп болған», деп хабарлады «Азаттық радиосы».

Адвокат арнада Нұрпейісов жазды делінген хаттың электронды көшірмесін көрсетіп, мазмұнын баяндайды.

«Хатта Нұрпейісов жедел тергеу тобының өзіне «террорист» (269-бап, 3-бөлік), «ұйымдастырушы» (272-бап 1-бөлік) деп айып тағып жатқанын, бұл іс бойынша кінәсіз екенін, өзіне қол жұмсағанын айтып көрсеткен», - деді Жалғас Сапарханова.

Оның айтуынша, белсенді өзіне 24 қарашада қол жұмсап, сол жақ қолының тамырын кескен. Бұдан соң ауруханаға жеткізіліп, тамыры тігілген. Қазір оның жағдайы орташа екені айтылады.

Тергеуші Дәурен Жетімбеков адвокатқа Нұрпейісовті қарауылмен қалалық прокуратураға жеткізетінін айтқан. Адвокат изолятордың медициналық бөліміне хабарласқанмен әзірге жауап ала алмағанын айтты.

25 қарашада кешке белсенділердің қалалық прокуратура алдына жиналып жатқаны хабарланды.

Азаттық тілшісі жұма күні кешке Алматыдағы CИ-18 тергеу изоляторына хабарласты. Мекеменің кезекші бөлімінде отырған өзін Анеля (фамилиясы дұрыс естілмеді) деп таныстырған қызметкер «телефонмен ақпарат бере алмайтынын, мекемеге бару қажеттігін» айтты.

Адвокат Жалғас Сапарханованың айтуынша, тарих пәнінің мұғалімі, белсенді Қалас Нұрпейісовке төрт бап бойынша айып тағылған: екі бап (191-бап, 2-бөлік, 200-бап, 2-бөлік) бойынша айып амнистиямен қысқаруы тиіс. Ал «ғимаратқа басып кіру» (269-баптың 3-бөлігі) және «жаппай тәртіпсіздік» (272-бап, 1-бөлік) баптары амнистияға ілінбейді.

Бұған дейін Қалас Нұрпейісов пен белсенді Әйгерім Тілеужанға Қаңтар оқиғасы кезінде «әуежайды басып алмақ болды» деген айып тағылғаны хабарланған. Ақпаратқа қарағанда, Тілеужанова да, Нұрпейісов те сол күні әуежайға барғанын мойындаған, бірақ тергеу таққан айыптарды жоққа шығарады. Адвокат Жалғас Сапарханованың айтуынша, Қалас Нұрпейісов 5 қаңтарда «болып жатқан нәрсені болашақ тарих» деп атап, оқиғаны зерттеу үшін, өз көзімен көру үшін әуежайға барған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама