×

«Астанада өз пәтерінен 32 жастағы әйел өлі табылды»: көршілері сол күні не болғанын айтып берді

32 жасында қайтыс болған Асыл Тәпенованың артында 10 жасар қызы мен 57 жастағы анасы қалған

 Халық үні 23.11.2022 | 20:45
Фото: instagram.com/tapenovaasyl

Астанада 32 жастағы келіншектің мәйіті өз пәтерінен табылды. Бұған қатысты «өз-өзін өлтіру» бабымен іс қозғалған. Бірақ марқұмның туыстары онымен келіспейді. Өзіне өзі қол салуы мүмкін емес екенін айтады, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Марқұм Асыл Тәпенова – Қызылорда облысы Арал ауданының тумасы. Соңғы жылдары Астанада жұмыс істеп жүрген. Келіншек қайтыс болар алдында бірнеше күн ауылдағы анасына хабарласпай кетіпті.

«Звондасақ ол алмайды. Сол жақтағы апаға көріп қайтшы дедік. Үй жағына барған апамызға көршілері қай күні айқай шыққанын, шыңғырғандай дауыс шыққанын айтыпты, біз бармадық депті. Көршілері айтқан ғой бұзып кірейік деп, бұзып кірсе, қансырап өліп жатқанын көріпті», - дейді марқұмның ағасы Әділхан Маханов.

Марқұмның ағасы Асылдың өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес дейді.

«Қинап өлтірген әбден. Енді адам өзін өйтіп істемейді ғой. Бұл адамның қолынан қаза тауып отыр. Адамы ұсталып, жазасын алса дейміз», - дейді ол.

Асыл Тәпенованың көршілері жас келіншектің жалғыз өзі тұрғанын айтады. Мәйітке жасалған сараптамадан соң суицид деп қорытынды шығарылған. Бірақ туыстары мұнымен келіспейді. Асыл адам қолынан қаза тапқан болуы мүмкін дейді.

«Аталған факт бойынша Астана қаласының Сарыарқа аудандық ПД ҚР ҚК 105-бабы 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданатын болады», - дейді Астана қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Нұрәлі Тәңірбергенов.

Марқұмның туыстары тергеудің әділ жүргізілуін талап етуде. Себебі адам өзін айуандықпен өлтіруі мүмкін емес дейді. Ал 32 жасында қайтыс болған Асыл Тәпенованың артында 10 жасар қызы мен 57 жастағы анасы қалған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама