×

Балалар жылында Алматы облысындағы ата-аналар жеңілдіктен қағылды

Алматы облысында балаларға арналған тегін үйірмелер мен спорттық секциялар жұмысын тоқтатпақ

 Думан Қырықбаев 03.03.2022 | 10:37
фото: Halyq Uni

Алматы облысында балаларға арналған тегін үйірмелер мен спорттық секциялар жұмысын тоқтатпақ. Мемлекеттік тапсырыс негізінде қызмет көрсетуші орталықтарға наурыздың 1-інен бастап ақша берілмейді. Бөлінген лимит толықтай түгесіліпті. Одан әрі қаржыландыруға жергілікті бюджеттің де шамасы жетпейтін көрінеді. Бұл жаңалық әсіресе ата-аналардың ашуын туғызды. Олар «Балалар жылында балалардан үнемдеудің қажеті жоқ» деп отыр.

«Жеті немерем бар. Екі қызымнан төртеу, ал, ұлымнан үшеу. Барлығы да тегін шығармашылық орталықтарға барады. Спортпен шұғылданады. Енді солар жабылып қалса, балалар қайтпек?! Үйреніп қалған үйірмелері ғой. Сондықтан, оларға қиын болмақ. Болар баланың белін бұғанның орнына, бетінен қаққалы отырмыз», - дейді зейнеткер Гауһар Сатаева.

Президент тапсырмасымен былтыр тегін үйірмелер ашылғанда үлкені де, кішісі де қуанған. Алайда, қуаныштары ұзаққа созылмады. Жыл басталмай жатып, талай орталық жабылғалы тұр. Оның үстіне, балалардың дені кезегін күтіп әзер дегенде қабылданған. Енді, кіруінен шығуы тез болғалы тұр. Қала тұрғыны Ләтипа Тыналинаның айтуынша, ақшасын төлеп, одан әрі үйірмеге қатыстыруға көп ата-ананың шамасы жете бермейді.

Бір үйден үш-төрт баладан үйірмеге қатысады. Егер ол ақылы болатын болса, отыз, қырық мың теңгені қалай табады? Оны төлей алмайды ғой. Қаншама дарынды, өнерлі оқушы сыртта қалады. Осы жағдайды ескерсе екен, - дейді ол.

Жалпы, Алматы облысы бойынша 55 мыңдай бала тегін шығармашылық үйірмелерге қатысады. Ал 11 мыңнан аса оқушы спорт секцияларына қатысып жүр. Бұл бағытқа өңір қазынасынан 4,4 млрд теңге бөлінген. Соның арқасында былтырдан бері жүздеген адам еңбекпен қамтылып, жаңа жұмыс орындары құрылды. Енді қаржылық тапшылықтың кесірінен барлық еңбек зая кетпек.

«Біздің орталық Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан. Он шақты мұғалім жұмыс істеп отыр. Мың шақты баланы тегін үйірмемен қамтамасыз еттік. Қаражаттың бөлінбеуіне байланысты енді олар тегін қатыса алмайды. Дарынды балаларымыз мен мұғалімдеріміз далада қалғалы отыр. Одан қалса, ауылды жерлерде ғимаратты жалға алып, өз ақшамызға жөндеттік. Қарызға баттық. Оны бізге кім өтеп береді?!», - дейді кәсіпкер Гүлманат Бекетаева.

Орталықты аша салып тығырыққа тірелген кәсіпкерлер не істерін білмей әлек. Осы ретте, 50 шақты адам облыстық әкімдікке келіп, мәселесін айтты. Алайда, облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев пен мәдениет басқармасының басшысы Марлен Көлбаев кәсіпкерлерге тұшымды жауап бере алмады. Олар мәселе тек республикалық деңгейде шешілмесе, жергілікті бюджет жетпейтінін алға тартты.

«Үйірмеге қатысатын әр баланы ай сайын қаражатпен қамтамасыз ету үшін 1 млрд 250 млн теңге керек. Біз қаңтар, ақпан айларына ақша бөлдік. Наурызға қаражат жоқ. Сондықтан, сіздердің алдарыңызда қарыз болып қалмайын деп, барлығына ескертіп жатырмыз. Егер, әрі қарай ақылы түрде жұмыс істей беремін десеңіздер, істей бересіздер. Ал, бюджет бөлініп жатса, біз қаржыландыруды жалғастырамыз», - деді Марлен Көлбаев.

Жауаптылар қаржы бөлу мәселесі алдағы мәслихат сессиясында қаралатынын айтты. Оған қоса,  республикалық бюджетке сұраныс жасап көрмек. Өйткені, бір жылға қажет 14 млрд теңгені өңір қазынасы көтере алмайды.

Еске салайық, кеше Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Алматы облысындағы балалардың тегін үйірмелерге неліктен қабылданбағанына қатысты түсініктеме берді.

«Мойындау керек, бұл үлкен проблема. Балалар бұл үйірмелерге баруға тиіс. Біз оны қолдаймыз. Облыс бюджеті қабылданғанда 50 мың бала барады деп есептелген. Бюджетті мәслихат бекітеді. Қазір Алматы облысында балалар саны көп. Яғни, бала саны жоспарланған қаражаттан асып кетті», - деді Абаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама