×

Астана жолдарында жылдамдық режиміне өзгерту енгізілді

Қалалық ПД көлік иелеріне ескерту жасады

 Динара Амантай 19.11.2022 | 17:50
Фото: facebook.com

Астана қаласының кейбір көшелерінде жылдамдық режиміне өзгертулер енгізілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Мәңгілік ел даңғылының учаскесінде Ұлы дала көшесінен Қабанбай батыр даңғылына дейін және кері бағытта жылдамдық режимі өзгертілді. Бұрын тиісті өткізу қабілетін қамтамасыз ету мақсатында осы учаскеде тұрғын және әкімшілік құрылыстардың болмауын ескере отырып, ең жоғары жылдамдық 80 км/сағ дейін ұлғайтылған болатын.

Қазір бірқатар тұрғын үй кешендері мен сервис объектілерін салуды және пайдалануға беруді ескере отырып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жылдамдық 60 км/сағ дейін төмендеді (бұрын орнатылған 80 км/сағ жол белгілері бөлшектелген).

Сонымен қатар, жылдамдық режимі «Бағыстан» тұрғын алабынан Оңтүстік айналма жолға дейінгі Анырақай көшесінің учаскесінде өзгертіліп, ең жоғары жылдамдық сағатына 80 км-ге дейін ұлғайтылды.

Көрсетілген өзгерістерді назарға алып, Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы ережелерін сақтай отырып, қозғалысты жүзеге асыруды сұраймыз, – делінген ұсынылған хабарламада.

Естеріңізге сала кетсек, барлық аталған учаскелерде Жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды, оның ішінде жылдамдық режимін тіркейтін «Сергек» камералары жұмыс істейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама