×

Сақшылар мен құтқарушылар жоғалған шопан мен бір отар қойды тәулік бойы іздеді

Жамбыл облысының тұрғыны мал жайып жүріп, ауа райының нашарлауына байланысты адасып кеткен

 Динара Амантай 17.11.2022 | 17:40
Фото: polisia.kz

Түркістан облысының қолайсыз ауа райында жоғалып кеткен шопан мен бір отар қой табылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Сауран аудандық полиция бөліміне кешкі сағат 21:48 шамасында облыс орталығының тұрғыны арызданған. Ер адам өз хабарламасында Майдантал ауылынан 10-15 шақырым жерде жайылымда жүрген қойшысы мен отар қойын таба алмай жатқанын жеткізді.

Тәртіп сақшылары бұл жайтты дереу тіркеп, шопан мен жоғалған қойларды іздестіру бойынша жедел шаралар қабылдады. Саурандық полицейлер мен Түркістан облысының ТЖД қызметкерлері бірлесіп, мобильді топтарға бөлініп, жақын маңдағы аумақтарды қарады. Олар түн ортасына дейін іздеп, келесі күні жоғалған қойшыны іздеуді қайта жалғастырды.

Бір тәуліктен кейін жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары отар қойды және онымен бірге жоғалған шопанды тапты. Табылған қойлар заңды иесіне қайтарылды.

Анықталғандай, Жамбыл облысының тұрғыны мал жайып жүріп, ауа райының нашарлауына байланысты адасып кеткен. Ол кері жол тауып қайтқанымен, қой отарымен басқа жаққа кеткен. Қойшы өзін іздеп, үйіне оралуға көмектескендердің барлығына алғыс айтты. Үй жануарларының иесі, Түркістан қаласының тұрғыны да өз ризашылығын білдірді.

Кеше ауа райының нашарлауына байланысты менің шопаным кешке адасып, қайтып оралмады. Сауран аудандық полиция бөлімі, Түркістан облысының ТЖД, аудан әкімдігінің қызметкерлері түні бойы бірге іздеді. Келесі күні іздеу одан әрі жалғасып, шопанды дін аман таптық. Барлығына үлкен рақмет, – деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама