×

БҚО-да Қаңтар оқиғасына қатысты бірде-бір қылмыстық іс тіркелмеген

Олардың бәрі әкімшілік жауапкершілікке тартылған

 Халық үні 17.02.2022 | 17:24
фото: Halyq Uni

Қаңтардың басындағы митингтер тәртіпсіздікке ұласпаған өңірлердің бірі – Батыс Қазақстан облысы. Бірақ шерушілерді полиция қуып таратқан еді. Halyq Uni тілшісі БҚО полиция департаментінен митингке қатысты қанша адамға іс қозғалды, әкімдікке басып кіргісі келген топ пен оларға жарық-шулы гранаталарын қолдану, зардап шеккендер жайлы сұрақтарына жауап алды.

Оралдағы митинг қала шетіндегі «Дина» гипермаркеті алдынан басталып, шерушілер 11 шақырым жүріп Абай алаңына жиналды. Ол жердегі халық саны бірнеше мыңға жетіп, кездесуге келген облыс әкіміне үш талап қойылды. Олар - Үкіметтің отставкаға кетуі, облыс әкімінің орнын босатуы және шерушілерге алаңда тұруына жағдай жасау.

4 қаңтар, яғни митингтің бірінші күні күндіз алаңда тәртіпсіздік болмаған. Шерушілер алаңға киіз үй тігіп, бейбіт митингті жалғастыра беруге ниетті болды. Алайда сол күні түнде әкімдікке басып кіруге сыңай танытқан топ пайда болды. Таңға жақын полиция алаңда тұрғандарды қуып таратты.

Екінші күні әкімдік сыммен қоршалып, алаңға әскерилер жиналып, наразы топқа тосқауыл болды. Екінші күні қаланың City Center сауда орталығының алдына, одан кейін Ақсай қаласында жиналғандар болды. Қантөгіссіз, жаппай тәртіпсіздік болмай, айналаға еш кеселін тигізбей тарасты.

БҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Абылайхан Серіковтің бізге берген мәліметінше, БҚО аумағында Қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық істер тіркелмеген. БҚО әкімдігінің ғимаратына басып кіргісі келген топтың белсенді қатысушылары «профилактикалық әңгіме жүргізу және Қазақстан Республикасының заңнамасын түсіндіру үшін» аумақтық полиция органдарына жеткізілген. 109 азаматқа әкімшілік хаттамалар толтырылған. Оның 13-іне ӘҚБтК-нің 488-бабы, яғни «бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу» бойынша, 91-іне ӘҚБтК-нің 476-бабы, «төтенше жағдай режимiн бұзу» бойынша, 3 адамға ӘҚБтК-нің 442-бабы, яғни «кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы» бойынша, 2 адамға 517-бабы, яғни «шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» бойынша толтырылған.

«WEB» ЕРАП дерекқоры жүйесінің мәліметіне сәйкес, полиция басқармасы ұсынған әкімшілік істер бойынша барлығы 145 493 теңге айыппұл салынып, оның 53 603 теңгесі өндірілген.

Полиция департаментінің мәліметінше, митингке қатысуға шақыратын тұлғаларды анықтау мақсатында әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп, БҚО-да наразылық акцияларына қатысуға шақырған 13 адамды анықтап, оларды әкімшілік жауапкершілікке тартқан.

Төбелес тіркелмеген. «Полиция қызметкерлері тарапынан зардап шеккендер жоқ. Жаппай тәртіпсіздікті болдырмау мақсатында қанша полиция қызметкері тартылғаны қызметтік ақпарат» деп нақты санын жарияламады.

«Жарық-шулы гранаталары қолданылды ма?» деген сауалымызға «өлімге әкелмейтін арнайы құралдар қолданылды» деген жауап алдық.

«4 қаңтарда Орал қаласындағы наразылық акциясына қатысушылар «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңды, жол қозғалысы ережелері мен қоғамдық тәртіпті өрескел бұзды. Сонымен қатар облыс әкімдігінің ғимаратын басып алуға әрекет жасалды. Митингіге қатысушылар бейбіт азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке нақты қауіп төндірді. «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңның 17-бабына сәйкес жергілікті атқарушы орган бірнеше рет заңсыз іс-әрекеттерді тоқтату туралы ескертулер берілді. Аталған заңның 18-бабы, 3-бөлігі негізінде митингіге қатысушылар тарапынан осы талаптар орындалмаған соң, митинг мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Оның барысында ішкі істер органдарының қызметкерлері «Құқық қорғау қызметі туралы» заңның 60-бабы негізінде қоғамға қауіпті әрекеттерді шектеу және тоқтату мақсатында өлімге әкелмейтін арнайы құралдар қолданды», - деп жауап берді БҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Абылайхан Серіков.

Нұрлыбек Рахманов, БҚО

Серіктес жаңалықтары

Сараптама