×

БҚО-да қыста автожол жағдайына 28 мекеме жауапты болады

БҚО-дағы жолдардың жалпы ұзындығы – 4 762 шақырым

 Халық үні 17.11.2022 | 14:45
Фото: Inform.kz

Батыс Қазақстан облысында қыста жолдың жағдайына 28 мекеме жауап береді. Бұл туралы облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, автомобиль жолдарындағы қауіпті участкелерді қар басып қалуының алдын алу үшін, сондай-ақ қыста үздіксіз көлік қатынасын ұйымдастыру үшін 28 мердігер ұйым тартылған. Бұл мердігер ұйымдардың  иелігінде 319 бірлік қар тазалағыш техника бар. Оның 41-і автогрейдер, 111-і Т-150, МТЗ және К-701 сияқты түрлі трактор. Сондай-ақ түрлі модификациядағы 33 тиегіш, шынжыр табанды 30 бульдозер, құм шашатын 79 ауыр жүк көлігі, 25 прицепті грейдер бар. Облыстық жолдарды күтіп ұстаушыларда бульдозер мен Камаздан басқа техникаларға GPS жүйесі орнатылған.

Басқарма басшысының айтуынша, қажет болған жағдайда қосымша техникалар тартылады.

Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары бойында төтенше жағдай кезінде пайдалануға немесе транзитті көліктер үшін 45 жылыту пункті жабдықталған. Оның 12-сі облыстық, 33-і аудандық маңызы бар жолдардың бойында орналасқан.

«Автожолдарда апатты жағдайдың алдын алу үшін облыстық маңызы бар жолдарда 200 бірлік «Тайғақ жол» және «Жылдамдықты шектеу» және жылыту пунктіне «Көрсеткіш» уақытша жол белгілері қойылды. Жолдарды қардан тазалау жұмыстары көліктер қарқынды жүретін телімдерде  2-4 сағат аралығында бірінші кезекте атқарылады. Барлық автожолды қардан тазалау жұмыстары қар түскеннен кейін 24 сағат аралығында орындалады», - дейді басқарма басшысы.

Қазір БҚО-дағы жолдардың жалпы ұзындығы – 4 762 шақырым. Оның ішінде облыстық маңызы бар жол 1 620 шақырым, аудандық маңызы бар – 3 142,1 шақырым.

2022 жылы БҚО-да автомобиль жолдарына 55,770 миллиард теңге бөлінді.  Бұл қаражатқа 107 жоба бойынша 662 шақырым жол құрылысы және жөндеу жұмыстары атқарылды. Облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды дамытуға бюджеттен 23,8 миллиард теңге бөлінді. Биылғы қаржыландыру көлемі өткен жылдармен салыстырғанда 2 есе көп. 2020 жылы 12 миллиард теңге,  2021 жылы 15 миллиард теңге бөлінген.

Айдар Менеевтің айтуынша, жыл қорытындысы бойынша қалыпты жағдайдағы жергілікті автожолдардың үлесін 39%-дан 46%-ға дейін ұлғайту жоспарланған. Жыл басынан бері облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 220 шақырымы жөнделіп, бөлінген қаражаттан 20,9 миллиард теңге игерілген.

Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама