×

Сенатор спорттың жастар денсаулығына зиян тигізіп жатқанын айтты

Бұл ұлт саулығына қауіп төндіруі ықтимал

 Дәурен Ерболат 17.11.2022 | 12:25
Фото: simferopol.bezformata.com

Сенат депутаты Ғалиаскар Сарыбаев жас спортшылардың денсаулығына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады. Айтуынша, бүгінде спорт федерациялары өз бетінше ашылады әрі республикалық бірлестіктерден оқшау болады. Салдарынан олардың бапкерлері балаларды жаттығуға тартып, денсаулығына зиян тигізуі мүмкін.

Бүгінде еліміздегі жаттықтырушылар балаларды олардың денесі физикалық және психологиялық тұрғыдан ауыр жүктемелерге әлі дайын емес кезінен бастап, спортпен шұғылдануға тартуы үрдіске айналып кетті. Мұндай жағдай әсіресе жекпе-жек өнерінде кең таралған. Ол жас ұрпақтың денсаулығына теріс әсер етеді, - деді Ғалиаскар Сарыбаев Сенаттың жалпы отырысында.

Депутат бұрын заңда балалар мен жасөспірімдердің жылына қанша жарысқа қатысуына болатынын реттейтін нормалар болғанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда мұндай нормалар қабылданбаған. Осындай жағдайлар – федерациялардың өз бетімен ашылып, жұмыс істеудің әсері. Елімізде бір ғана каратеден біз білетін 22, таеквондодан 6, аралас жекпе-жектен (ММА) 4 республикалық федерация бар», - деді Ғалиасқар Сарыбаев.

Сенатор осыған байланысты балалар ағзасының ерекшелігін ескеріп, тәрбие-жаттығу әдістемесін дайындауды ұсынды.

Сондай-ақ ол кәсіби спорт клубтарын, барлық спорт түрінің спортшыларын, спорт түрлері федерацияларындағы жаттықтырушылар мен төрешілерді тіркеу керегін әрі олардың қызметін лицензиялау маңызды екенін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама