×

«Шыңғыс хан қай рудан шықты деген талас-тартысты қою керек»: Тоқаев әлемге прагматикалық көзбен қарауға шақырды

Президент кей ұғымдардың ескіргенін айтты

 Халық үні 16.11.2022 | 15:46
фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесіп, жиында қоғамға пайдасы жоқ бос әңгімелерді тоқтату қажеттігін айтты.

«Мен академик Асқар Жұмаділдаев айтқан пайыммен толық келісемін. Халқымыз осындай күрделі заманда ең алдымен, әлемге прагматикалық көзбен қарауы керек. Бос әңгімелерді тоқтату қажет. Мысалы, Шыңғыс хан қай рудан шықты деген талас-тартысты қою керек деп ойлаймын. Қазіргі таңда зиялы қауымның көбі шетінен тарихшы, шыңғыстанушы болып кетті. Мұның қоғамымызға пайда әкелеріне күмәнім бар», – деді Тоқаев.

Президент кей ұғымдардың ескіргенін айтып, бәсекеге қабілетті жандардың заманы келгенін жеткізді.

«Жастарымыздың санасы сергек, еті тірі, ширақ болуы қажет. Көрші мемлекеттердегі жас азаматтар шетелге барып, кәсіпорындар, дүкендер ашып, жақсы өмір сүру үшін жаңа дағдыларды игеріп жатыр. Олар, шын мәнінде, бәсекеге қабілетті адамдар. Қазіргі жағдайда мен бір жерде өмір сүремін, балаларыммен өмір бойы бірге тұрамын деген ұғым әбден ескірген. Сондықтан, құрметті ағайын, бәріміз озық болайық! Сонда ғана жастарымыздың көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр болады, көптеген сын-қатерге төтеп бере алады. Өз жағдайын өздері жасап, жақсы өмір сүре алады», – деді мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама