×

Президент Алматыда бейнебақылау камераларын көптеп орнатуды тапсырды

Бұл қалада қылмыс санын азайтып, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға септігін тигізеді

 Дәурен Ерболат 16.11.2022 | 11:08
Фото: Алмаз Толеке

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылға дейін Алматыда бейнебақылау камераларын көптеп орнатуды тапсырды, деп хабарлады Telegram-дағы Борт N1 арнасы.

Оның пікірінше, қалада бейнебақылау жүйесін дамыту маңызды.

Бүгінде Алматыда 128 мыңнан аса жеке бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның төрттен бір бөлігі ғана қалалық полиция департаментінің жедел басқару орталығына интеграцияланған. Әкімдік жеке бейнебақылау жүйелерін бірыңғай диспетчерлік пунктпен интеграциялау жөніндегі ережені қабылдауы керек. Әрине, меншік иесінің келісімі болғаны жөн, - деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бейнебақылаумен қамтылмаған объектілерде 20 мыңға жуық камера орнату керектігін атап өтті.

Қаладағы ең көп құқықбұзушылық болатын аудандарда, жұрт көп жиылатын жерде дабыл батырмасы болуы керек. Қаланың білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды. Онда бейнебақылау камераларын, дабыл батырмасын, турникеттерді, күзет және өрт дабылын орнату керек. Мен бұл туралы егжей-тегжейлі айтып отырмын. Өйткені бұл азаматтардың қауіпсіздігі үшін өте маңызды, - деді мемлекет басшысы.

Ол бұл технологияны вокзалдарда, әуежайда және басқа да жұрт көп жиылатын жерде қолдану өте маңызды екенін жеткізді. Бұл жүйе 2026 жылға қарай қалада толық жұмыс істеуі керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама