×

Тоқаев 3-6 жас аралығындағы балалардың 97%-ын мектепке дейінгі біліммен қамтуды тапсырды

Қазір қаладағы балабақшаларда 19 мыңнан аса орын жетпейді

 Динара Амантай 16.11.2022 | 10:53
Фото: ашық дереккөз

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкімдігіне 3-6 жас аралығындағы балалардың 97 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтуды тапсырды. Бұл туралы ол қала жұртшылығымен кездесу барысында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мемлекет басшысының айтуынша, Алматы тұрғындарының саны жыл сайын өсіп, оның 60 пайызы көші-қон арқылы жүзеге асып жатыр. Бұл жағдай қаланың әлеуметтік инфрақұрылымына елеулі әсер етеді.

Қазір қаладағы балабақшаларда 19 мыңнан аса орын жетпейді. Бұл тапшылықты азайту үшін мемлекеттік және жеке меншік балабақшаларды шұғыл түрде салу керек. Сондай-ақ балаларды мемлекеттік білім тапсырысы арқылы мектепке дейінгі жеке білім беру мекемелеріне орналастыру қажет. Әкімдікке 3-тен 6 жасқа дейінгі балалардың 97 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтуды тапсырамын. Бұл міндетті 2025 жылға дейін орындау керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ президент оқушылардың саны да жыл сайын орта есеппен 12-15 мыңға артып келетінін айтты.

Сол себепті, мектептерде орын тапшылығы жоғары. Қазір 29 мыңнан аса оқушыға орын жетпейді. Бұл ахуал оқушылардың сапалы білім алуына кері әсер етеді. Алматыда алдағы 2 жыл ішінде «Жайлы мектеп» жобасымен 37 мың орындық 22 мектеп салу керек. Басты міндет – 2030 жылға қарай бір ауысыммен оқытуға толық көшу. Ішкі миграция қарқынды дамып жатқандықтан, осындай мәселелер туындап отыр. Алайда жас ұрпақты сапалы балабақша, мектеппен қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Сондықтан бұл тапсырмалар міндетті түрде толық орындалуы керек, – деді мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама