×

Өзгенің пәтерін жалға берген алаяқ анықталды

Ол тұрғынды алдап, ақшасын алған

 Дәурен Ерболат 16.11.2022 | 10:16
Фото: move.ru

Көкшетауда өзгенің пәтерін жалға берген ер адам анықталды, деп хабарлады Polisia.kz.

13 қарашада қалалық полиция басқармасына тұрғыннан шағым түскен. Ол наурызда белгісіз адам алдап, 200 мың теңгесін алғанын айтқан.

Алдын ала тергеу барысында күдікті өзін пәтер иесінің ағасымын деп таныстырып, жәбірленушіге үйді жалға бергені анықталды.

Алдымен ол алдын-ала төлем алған. Бір аптадан соң келесі айдың ақшасын беруді талап еткен. Бірнеше күннен кейін пәтерді тексеруге заңды иелері келген. Олар онда жалға алушылар тұратынын білмеген.

Сондай-ақ үйдің заңды иелері алаяқпен туыс емес екені, оның бұрын пәтерді жалға алғаны белгілі болды.

Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 1-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама