×

Петропавлдағы ірі жол апаты: зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

Жол апатынан төрт адам зардап шекті, ішінде кәмелет жасына толмаған үш бала бар

 Самат Жақып 14.11.2022 | 15:01
Halyq Uni

Петропавл қаласында жол апаты салдарынан жансақтау бөліміне түскен жеті жастағы егіз бала хирургия бөлімшесіне ауыстырылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ал апат кезінде зардап шеккен 12 жастағы жасөспірімнің жағдайын дәрігерлер бірқалыпты ауыр деп бағалаған. Дәрігерлер оған 14 қарашада шұғыл түрде операция жасап, аяғына темір орнатты. Ота екі сағатқа жалғасқан. Апат кезінде оның санынан тізесіне дейін жырылып кеткен.

Егіздің анасы – 43 жастағы әйел өте ауыр жағдайда облыстық көпсалалы аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.

Айта кетейік, 13 қарашада «Ваз 2108» көлігінің жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, аялдамаға соғылған. Салдарынан төрт адам зардап шекті. 

Жансақтау бөлімінде жатқан бала туралы болжам айта алмаймын. Өйткені өте ауыр жарақат алған. Аяғы сынған. Ал алған жарақатының ұзындығы 40 сантиметрге дейін жетеді.  Сондықтан ол ұзақ уақыт оңалтудан өтеді. Есін біледі, - дейді облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігері Шыңғыс Нұрғалиев.

14 қарашаға қараған түні сол учаске маңында тағы да жол апаты болды. Панфилов көшесіндегі аялдамадан шамамен 10-15 метр жерде Мercedes пен Mitsubishi автокөліктері соқтығысты.

Салдарынан Мercedes автокөлігінің 20 жастағы жүргізушісі мен 21 жастағы жолаушысы зардап шекті. Оларға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, үйлеріне жіберілді. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, екеуі де ішімдік ішпеген.

Оқиғаның мән-жайын анықтау және жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша процессуалдық шешім қабылдау үшін материал Петропавл қалалық полиция басқармасының әкімшілік полиция бөліміне жіберілді.

Айта кетейік, бірінші қарашадан бастап облыс жолдарында 17 жол апаты болған. Салдарынан 30 адам түрлі дене жарақатын алды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама