×

Алексей Цой әріптесі Қайрат Беркінбаевтың жақындарына көңіл айтты

«Оқжетпес» емдеу сауықтыру кешенінің президенті болған ол 57 жасында қайтыс болды

 Халық үні 08.11.2022 | 14:46
фото: дереккөз

Президент іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм әріптесі Қайрат Беркінбаевтың жақындарына көңіл айтты.

Бүгін біз – ҚР Президентінің іс басқармасы Медициналық орталығы бірімізге аға, бірімізге бауыр, ұжымда сыйлас әріптесіміз болған «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру орталығының президенті болған Қайрат Беркінбаевты ақтық сапарға шығарып салдық.

Бұл – Президент іс басқармасы Медициналық орталық жүйесіндегі әріптестері үшін ортақ, орны толмас қаза. Жан-дүниесі бұлақтай таза, парасатты мінезімен, терең білімімен, қажымас қайратымен, адал еңбегімен айналасына үлгі-өнеге болған қадірлі әріптесімізбен қоштасу рәсіміне Қазақстанның әр қиырынан көзкөрген белгілі азаматтар қатысты. Өмірінің 7 жылға жуық уақытын оңалту және емдеу-сауықтыру саласына арнаған Қайрат Шерәліұлы курорт ісінің дамуына зор үлес қосты. Сондай-ақ Медициналық орталық жүйесіндегі емдеу-сауықтыру орталықтарының басшысы бола отырып, өзін дарынды ұйымдастырушы ретінде көрсетті», - деп жазды Алексей Цой.

Ол ағайын-жұртына ғана емес, туған елінің мақтанышына айналған азаматтың жарқын бейнесі ұмытылмайтындығын жеткізіп, отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

Халқымызда «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөз бар. Ел келешегі жолында аянып қалмай, абыройлы қызмет атқарған тұлғаның соңында іздеушісі, өрелі істері мен өмірін жалғастырар ұлағатты ұрпағы бар. Біз – Президент іс басқармасы Медициналық орталық жүйесіндегі қатар жүрген барша әріптестері, Қайрат Беркінбаевтың туыстарына көңіл айтамыз. Абзал азаматтың асыл болмысы, ардақты есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады! - деді Алексей Цой.

Айта кетелік, Қайрат Беркінбаев – қоғам қайраткері, ҚР Президентінің іс басқармасы Медициналық орталығы «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені АҚ президенті, танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызының жолдасы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама