×

«Астана» – футболдан 2022 жылғы Қазақстан чемпионы

Соңғы турда «Астана» қарағандылық «Шахтер» командасын 2-3 есебімен ұтты

 Бауыржан Мұқанов 06.11.2022 | 16:55
Фото: fcastana.kz

2022 жылғы футболдан Қазақстан чемпионатының соңғы 26 турында «Астана» командасы сырт алаңда қарағандылық «Шахтер» командасын 2-3 есебімен ұтып, жетінші рет Қазақстан чемпионы атанды. 

Елордалық команда 26 ойында 65 гол соғып, өз қақпаларына 24 гол өткізіп 53 ұпаймен турнир кестесінде бірінші орынға шықты.  

Чемпионаттың ең үздік сұрмергені астаналық Педро Эуженио (18 гол), ең үздік ассистент астаналық Марин Томасов (9 ассист) және гол+пас көрсеткіші бойынша да Марин Томасов (24 – 15 гол, 9 ассист) болды.

Соңғы турға дейін «Астана» командасымен үзеңгі қағыстырып келген «Ақтөбе» командасы соңғы турда алматылық «Қайратты» 4-1 есебімен ұтып, 52 ұпаймен екінші орын алды. Ақтөбелік команда биылғы чемпионатта жалпы саны 43 гол соғып, 28 гол жіберіп қойған.

Чемпионаттың қол жүлдегері былтырғы чемпион «Тобыл» командасы. Қостанайлықтар 46 гол соғып, 33 доп жіберіп 47 ұпай жинады. 

Ал турнир кестесінің ең соңынан «Тұран» мен «Ақжайық» командалар көрінді. Олар тиісінше 28 және 25 ұпай ғана жинап, келесі жылы преьмер лигадан бірінші лигаға түседі. Олардың орнына бірінші лигадан премьер лигаға «Оқжетпес» пен «Қайсар» командасы келеді.

Осымен «Астана» командасы жетінші рет Қазақстан чемпионы болып отыр. 

Естеріңізге сала кетейік, елордалық команда 2014-2019 жылдар аралығында қатарынан алты рет чемпион болған еді. Ал 2020, 2021 жылдары чемпионатты тиісінше «Қайрат» және  «Тобыл» командалары ұтқан болатын. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама