×

Сеулдегі қайғылы оқиға: қаза тапқан қазақстандық студентке қатысты тың мәлімет шықты

Әпкесінің айтуынша, марқұм ешқашан Хэллоуинді тойлап көрмепті

 Халық үні 04.11.2022 | 08:50
Фото: Diapazon.kz

Ақтөбеден Сеулге оқуға барған марқұм Мадина Шерниязованың әпкесі қайғылы оқиға туралы айтып берді. Дамираның айтуынша, бойжеткен Хэллоуинді ешқашан тойлаған емес, сондықтан оның құрметіне арналған шараларды көру оған қызық болған, деп хабарлайды «Диапазон».

Басылымның хабарлауынша, сол күні кешке Сеулде Хэллоуин мерекесін тойлауға 100 мыңға жуық адам жиналған. Тар жолақтағы кептелісте 150-ден астам адам қаза тапты, оның 19-ы шетелдіктер. Құрбан болғандардың арасында Ақтөбе қаласының тумасы Мадина Шерниязова да бар. Оңтүстік Корея астанасында ол магистратурада оқитын. Қайғылы оқиға туралы қыздың әпкесі Дамира Шерниязова айтып берді.

«Мадина екеуміз Ақтөбеде дүниеге келдік, №27 мектепте оқыдық. Мектепті бітірген соң Мадина Қазан қаласына оқуға түсті. Оқу кезінде ол білім алмасу бағдарламасымен Кореяға барады. Кейін Мадина өз болашағын сол елде көретінін айтып келді. Сондықтан бакалавриатты бітірген соң Мадина Кореяға магистратураға оқуға түсті. Ата-анамыз қарсы болған жоқ, өйткені ол ақылды болатын, оқуды жақсы көретін және оның қолынан келетініне еш күмәнданбадық», – дейді Дамира.

Оның айтуынша, Мадина ешқашан Хэллоуинді тойлаған емес, сондықтан оған бұл мерекені көру қызық болған. Сол күні мерекелік кеш Итхэвон көшесінде өтті. Мадина күні бойы өз шаруасымен айналысып, кешке досымен кездесіп, бірге уақыт өткізуге келіседі. Кейінірек дәл осы досы қыздың отбасына болған оқиғаны айтып берген.

«Мадина екеуміз күніне екі рет қоңырау шалып сөйлесетінбіз. Сол күні кешке ол хабарласты, хат жазыстық, ол маған мерекеден видео жіберді. Мен одан соңғы хабарламаны сағат 21.47-де алдым. Бірер минуттан кейін бәрі басталып кетті», – дейді марқұмның әпкесі.

Айтуынша, Мадина досымен кездесіп, екеуі бірге кешкі ас ішеді де, орталық көшемен серуендеп қайтпақшы болады. Бір кезде олар өздерін жайсыз сезінеді. Қаптаған қалың адамның ортасында оларға ауа жетпегендей, тыныстары тараяды. Мадинаға жиналған көпшілік ұнамағандықтан, ол досына үйге қайтуды ұсынады. Сыртқа шығуға әрекеттенген кезде қыз бен жігіт өте тар көшеге бұрылып, мерекенің қызып жатқан дәл үстінен түседі, екеуі қорыққандықтан бір-бірінің қолынан ұстап алады. Бір кезде оларды арттан үлкен күш итереді. Соның кесірінен адамдар бір-бірінің үстіне құлап, екеуінің қолы ажырап кетеді. Мадина көпшіліктің арасында қалып кетеді де, досын біреулер алға итеріп жібергенде, ол есінен танып қалады. Жігіт есін жиған бойда бірден құрбысын іздей бастайды, бірақ таппайды. Кейін полиция келеді. Жас жігіт күтпеген жағдай аяқ астынан 3 секундта болғанын, ештеңе түсініп үлгермегенін айтты. Жұрттың бәрі шошып қалған, не істеп жатқандарын өздері түсінбеген.

«Таңертең анам хабарласып, Мадинаны тауып беруімді өтінді, өйткені ол байланысқа шықпаған. Мен оны жұбатып, Мадина кештен кейін ұйықтап жатқан болу керек дедім. Ол үнемі хабарламаларға жауап беретін, бірақ бұл жолы одан мүлде хабар болмады. Біраз уақыттан кейін әкем хабарласып, қайда екенімді, не істеп жатқанымды сұрап, тез арада сөйлесуіміз керек екенін айтты. Сол кезде мен өзімді біртүрлі сезіндім», – деп еске алды Дамира.

 Дамира Алматыда тұрады. Қайғылы оқиға болған кезде әкесі де оңтүстік астанада болған. Консул оған телефон соғып, мәйітті тануды сұраған. Мадинаның әкесі бейнебайланыс арқылы көріп, қызы екенін растайды.

«Әкеммен бірге анама телефон соғып, естірттік. Мен туыстарыма телефон соғып, олардың анама демеу болуын сұрадым, өйткені әкем екеуміз Алматыдамыз, анам ғана Ақтөбеде болатын. Мен сол оқиғаның видеосын интернеттен қайта-қайта қарап, Мадинаны көпшіліктің арасынан іздеймін, оқиғаның қалай болғанын түсінуге тырысамын. Мадина екеуміздің бір-бірімізге жіберген хабарламалар мен үшін қазір сондай ыстық, мен оларды қайталап оқып шығып, әрбір кішкентай нәрсенің өзін мәңгі есте сақтауға тырысамын», – дейді Дамира.

Еске салайық, қайғылы оқиға қазанның 29-нан 30-на қараған түні Сеулдегі Итхэвон ауданында болды. Хэллоуин кеші кезіндегі кептелістен 150-ден астам адам қаза тапты. Құрбандардың арасында қазақстандық студент те бар болып шықты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама