Атырауда түнгі клуб маңында төбелес шықты
37 жастағы және 26 жастағы екі азамат мас күйде болған
Атырау облысында қоғамдық орында төбелескендерға айыппұл салынды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оқиға 30 қазан таңғы алты шамасында болған.
Сағат 05:58-да жедел басқару орталығының бейнебақылау қызметкерлері Авангард шағын ауданында орналасқан түнгі клубтардың бірінің алдында екі ер адамның төбелесіп жатқанын байқаған. Жедел түрде жақын маңдағы патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыттама беріліп, аталған екі азамат медициналық сараптамаға жеткізілді.
Атырау облысы полиция департаментінің хабарлауынша, сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша 37 жастағы және 26 жастағы екі азаматтың масаң күйде екені белгілі болды. Оларға әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі («ұсақ бұзақылық») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Қоғамдық тәртіпті және азаматтардың тыныштығын бұзу фактісі бойынша екі азаматқа қатысты сот шешімімен 15 315 теңге көлемінде айыппұл салынды.
АВАНГАРДТАҒЫ АТЫС
Атырауда 15 наурызда сағат 22:30 шамасында Авангард шағын ауданында атыс болды. Оқиға салдарынан 1995 және 1999 жылы туған үш жігіт қаза тауып, тағы біреуі жараланған.
Содан кейін үш адамды атып өлтірді деген күдікпен 1993 жылы туған Маңғыстау облысының тумасы ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиға жеке бас араздығы салдарынан болған.
Оқиғаға байланысты учаскелік полиция инспекторы үш жылға бас бостандығынан айырылды. Қалалық №2 соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, учаскелік полиция инспекторы қызметтік міндеттерін адал атқармай, қару сақтау дерегі жөнінде хабарламасына немқұрайлы қарап, әрекет етпеген.
Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігі 1-тармағы («қызметтегі әрекетсіздік») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Прокурор сотталушыны өмір бойына құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан және арнайы атағынан айырып, 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Атырау қалалық №2 соты оған қатысты үшін 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ ол өмір бойына құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан айырылды.