×

Аралда «Балықшылар аллеясы» жаңартылып, «Балықшылар монументі» ашылды

Балық аулау көлемі 400 тоннадан 8 мың тоннаға дейін ұлғайған

 Еркеғали Болатұлы 30.10.2022 | 12:48
фото: ашық дереккөз

Қызылорда облысының Арал ауданында «Балықшылар монументі» ашылып, «Балықшылар аллеясы» қайта жаңғыртудан өтті деп хабарлады Halyq Uni тілшісі, BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Арал ауданына барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев балық шаруашылығының даму барысын суреттейтін нысандарды аралап, аудан тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтады.

Зиялы қауыммен кездесу барысында облыс әкімі мемлекет басшысының қолдауымен Арал өңірінің жағдайы жақсарып, балық шаруашылығын дамытудың нақты жолдары іске асқанын алға тартты.

Аралда қазір су деңгейіне қатысты көптеген қиындықтар еңсерілген. Президенттің қолдауымен Көкарал бөгетіне де ерекше мән беріліп, жөндеу жұмыстарына қажетті қаржы бөлініп жатыр екен. Бірнеше балық зауыты ашылып, кезінде жоғалып кеткен балықтың түрлері қайта оралған. Мәселен, Арал теңізінде тек бір камбала балығы ғана қалса, қазір 23 балық түрі қайта келіпті.

Балық аулау көлемі 400 тоннадан 8 мың тоннаға дейін ұлғайды. 10 зауыт жұмыс істеп, балық өнімдері шетелге экспортталып келеді. Аралда тіршіліктің көзі балық пен мал шаруашылығы болғандықтан бұл бағыттағы жұмыстарға қолдау болады, - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Әрі қарай облыс әкімі құқық қорғау органдары басшыларымен бірге жаңғыртылған «Балықшылар аллеясының» жұмысымен танысып, «Балықшылар монументін» салтанатты түрде ашу рәсіміне қатысты.

Салтанатты іс-шара «Поволжье тұрғындарына 14 вагон балық жіберілгеніне – 100 жыл» театрландырылған қойылымымен аяқталды. Қойылымда жаппай ашаршылық пен қуаңышылықтың қиын-қыстау заманында Арал балықшылары аштықтан зардап шеккен Еділ аумағының тұрғындарына 14 вагон балық жолдап, миллиондаған халқын құтқару оқиғасы сахналанды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама