×

Жүктіліктің 9-аптасынан бастап ұрықтың ДНК диагностикасы енгізілмек

Пренаталдық ультрадыбыстық диагностика бойынша елдің жетекші мамандарынан сараптама тобы құрылды

 Динара Амантай 27.10.2022 | 15:53
Фото: ашық дереккөз

Денсаулық сақтау министрлігі ұрықтың даму аномалияларын ерте диагностикалау және профилактикалау тиімділігін арттыруға, нәресте өлім-жітімін, балалардың мүгедектікке ұшырауын төмендетуге бағытталған пренаталдық (босанғанға дейінгі) медицина қызметін одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар стратегиялық шешімдер қабылдады деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Атап айтқанда, пренаталдық ультрадыбыстық диагностика бойынша елдің жетекші мамандарынан Сараптама тобы құрылды.

Елімізде алғаш рет еліміздегі пренаталдық медицина қызметінің жұмысын регламенттейтін нормативтік құжаттар –«Қазақстан Республикасында пренаталдық ультрадыбыстық скрининг жүргізуді ұйымдастыру стандарты» және «Қазақстан Республикасында 2022-2025 жылдарға арналған пренаталдық ультрадыбыстық диагностиканы одан әрі жетілдіру жөніндегі жол картасы» әзірленді.

Бағдарламалар шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігінің бас генетигі, профессор Гүлшара Жүсіпқызы Әбілдинова және Денсаулық сақтау министрлігі пренаталдық диагностиканың УДЗ бойынша бас маманы, м.ғ.д. Жанар Қуанышбайқызы Құрманғали еліміздің ультрадыбыстық диагностика дәрігерлері мен медициналық генетиктерінің кәсіптік даярлығын арттыру бойынша оқыту жүргізді.

Халықаралық стандарттарға сәйкес пренаталдық ультрадыбыстық диагностиканың 150 дәрігері сертификатталған.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Денсаулық сақтау министрлігі жүктіліктің 9-аптасынан бастап инвазивті емес пренаталдық ДНК тест әдісін клиникалық практикаға енгізуді жоспарлап отыр. Бұл зерттеу жүктіліктің басында ұрықтың хромосомалық ауытқуларын жоғары сезімталдықпен анықтауға мүмкіндік беретін бірегей заманауи әдістердің бірі болып табылады және әйел үшін де, ұрық үшін де қауіпсіз.

Жүкті әйелдерді скринингпен барынша қамту үшін іргелес аумақтағы жүкті әйелдер санына сәйкес қажеттілікті, аудандарда көлік инфрақұрылымын дамыту тұрғысынан қолжетімділікті, ультрадыбыстық пренаталдық диагностика саласындағы халықаралық стандарттар бойынша жабдықтар мен серитификацияланған мамандардың жеткілікті санымен қамтамасыз етуді ескере отырып, өңірлендіруді жүргізу жоспарланған.

Бүгінде өңірлерде перинаталдық нәтижелерді жақсарту үшін сараптамалық деңгейдегі медициналық қызметтер көрсету мақсатында «Ұрықты қорғау орталықтары» ұйымдастырылған.

Жүктілік кезінде скринингтік зерттеулерді уақтылы жүргізу, пренаталдық медицинаның соңғы жетістіктеріне негізделген заманауи және тиімді медициналық технологияларды енгізу туа біткен патология бойынша қауіп тобын бөліп көрсетуге және ұрықтың даму ауытқуларының үлкен спектрін диагностикалауға мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама