×

Қазақстан самбодан әлем чемпионатына қатысады

Жарыстың жалпы жүлде қоры – 231 мың АҚШ доллары

 Дастан Жұмабекұлы 26.10.2022 | 15:49
фото: ашық дереккөз

11 – 13 қараша күндері Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында самбодан ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Онда 21 салмақта (ерлер 7, әйелдер 7, ерлер жауынгерлік самбодан 7) чемпион анықталады. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 231 мың АҚШ доллары. Чемпионға 4 мың, күміс жүлдегерге 3 мың, ал қола медальдің иегеріне 20 мың АҚШ долларынан беріледі.

Ұлттық құрама сапында ерлер арасында болатын белдесулерге Қайырберді Айдынбай, Арнұр Қуатай, Есентай Имаханов, Мәрлен Жанғабыл, Еламан Қойшыбаев, Алибек Зекенов, Темірлан Көлбай қатысады.

Әйелдер арасындағы күресте Маргарита Бажаева, Гүлдана Әлмұханбетова, Ажар Салықова, Маржан Бизақ, Ділдаш Кұрышбаева, Арайлым Әбенова, Азман Амаева кілемге шығады.

Жауынгерлік самбо жарысында Мирас Уәлиев, Әділбек Сейісов, Асылбек Смайылов, Әсет Анарбаев, Мәди Райхан, Айбек Саметаев, Талғат Жиентаев күш сынасады.

Ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы – Біржан Имаханов, ал әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы – Құралбай Орынбасар.

Былтырғы әлем чемпионаты 12-14 қараша күндері Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында өткен болатын. Бұл жарысқа 50-ге жуық елдің спортшысы келіп, қатысты. Онда Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медальмен Ресейден кейін екінші орын алған.

Атап айтқанда, әйелдер құрамасы – екінші (бір алтын медаль, екі күміс жүлде), ерлер құрамасы – төртінші (бір алтын жүлде, екі қола медаль), жауынгерлік самбо құрамасы – төртінші (бір күміс медаль, екі қола жүлде) орыннан көрінді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама