×

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары қамауға алынды

Кәрім Мәсімовтің тағы бір орынбасары түрмеге тоғытылды

 Халық үні 23.02.2022 | 21:15
фото: К.Мәсімов, М.Өсіпов пен Д.Ерғожин

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы К.Мәсімовке, төрағаның бұрынғы орынбасарлары - Ә.Садықұлов, Д. Ерғожин мен басқаларға қатысты билікті күштеп басып алу, мемлекетке опасыздық жасау және лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр.

Сонымен қатар 2022 жылғы 22 ақпанда лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану күдігі бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары М.С.Өсіпов ұсталды, – дейді ҰҚК.

2022 жылғы 23 ақпанда сот санкциясымен оған қатысты қамауда ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды.

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары Әнуар Садықұлов және Дәулет Ерғожин тұтқындалған еді.

Күдіктілерге мемлекетке опасыздық жасау мен билікті күшпен басып алуға немесе Қазақстанның конституциялық құрылымын күшпен өзгертуге бағытталған әрекеттерден бөлек, «билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды» деген айып тағылды.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық өңірде төтенше жағдай режимі енгізіліп, президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Мемлекет басшысы «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты.

6 қаңтарда ҰҚК қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі бойынша мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Сол күні осы қылмысты жасау күдігімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов және басқа тұлғалар құрықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

ҰҚК Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Мәсімовке қатысты мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастырып жатыр. Одан бөлек, ҰҚК-нің бұрынғы басшысына қатысты билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген бап бойынша да тергеу басталды. Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен К.Мәсімовтен басқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары – «А» арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы А.Садықұлов пен ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Д.Ерғожин құрықталды.

27 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі Кәрім Мәсімовке қатысты қылмыстық іс «аса құпия» деп танылғанын мәлімдеді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама